Қазақстанда вакциналардың 5 млн доза қоры бар – Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Вакциналау үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакциналау үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Вакциналардың шамамен 5 млн доза қоры бар, оның ішінде 2,8 млн доза вакциналауға және 2,2 млн доза ревакциналауға арналған. Сонымен қатар, халықтың неғұрлым осал тобын қорғау үшін ревакциналауға арналған вакциналарды таңдау аясы кеңейтілді. 60 жастан асқан адамдарға қосымша Комирнати (Phizer) вакцинасы ұсынылады», - деді Е. Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге, ел өңірлері де 23,8 млн астам вакцина дозасымен қамтамасыз етілген.

«Бүгін вакциналаудан өтсеңіз – келешекте жұққан аурудың жеңіл өтуін қамтамасыз етесіз. Ревакциналаудың тиімділігі вакциналау әсерінен де асып түсетіні бұрыннан дәлелденген. Сонымен қатар, ревакциналау аурудың ауыр түрлерінен, ауруханаға жатқызудан және өлімнен 70%-ға дейін қорғайды. Кешенді вакциналаудан өткен соң ғана біз өлім жағдайларының санын тоқтатып, алдын ала аламыз», - деп түсіндірді Е. Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар