Қазақстанда үстел теннисін кеңінен дамытуға мүмкіндік мол – бапкер

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанда олимпиадалық спорт түрі – үстел теннисін дамытудың мүмкіндіктері қандай, қазіргі деңгейі өскелең талаптарға сай келе ме? Осы бағытта үстел теннисінен БҚО құрамасының аға бапкері Сарвар Назарова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Сарвар Ризуевна, алдымен өзіңіздің өмірлік және спорттық жолына тоқталсаңыз?

-Мен Өзбекстанның Бұхара қаласында туып-өстім. Біз оқыған мектептің маңында балалар спорт мектебі болды, сонда үстел теннисінен де жаттығып жататын. 5-сыныпта сол мектепке барып, осы спорт түріне жазылып, айналыса бастадым. Бір жылдан кейін нәтижелерге қол жеткіздім. Жасөспірімдер, кейін ересектер арасында Өзбекстан чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер атандым. 9-сыныпта оқып жүргенде, бапкерлер кетіп қалды да, соның орнына жарты ставкаға жұмысқа тұрдым. Осылайша, 1977 жылдан бастап балаларды баулуға кірістім. 10-12 спорт шеберін дайындадым. Олар республика чемпионы атанды, ел құрамасы сапына кірді.

-Ал, Өзбекстаннан Батыс Қазақстан облысына қалай келдіңіз?

-Өмір бір орнында тұрмайды. Тұрмысқа шығып, бала сүйдім. Ұлым теннис ойнаған жоқ. Қызым Гульчехра Хусейнова осы спорт түрін таңдады. Ол Өзбекстаннан Қазақстанға ойнауға келген кезде ерекше көзге түсіп, осында шақырған. Әлі кішкентай болғандықтан, Қазақстанға ата-анасымен бірге келуі керек еді. Сөйтіп 15 жасынан бастап Гульчехра Қазақ елінің намысын абыроймен қорғап келеді, көптеген жарыстарда олжа салды. Жуырда Қостанай қаласында өткен VII халық ойындарында әйелдер арасында чемпион атанды. Әуелі сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауылына орналастық. Сондағы залда алты жыл бойы тер төктім, шәкірттерімнің арасынан алты бірдей спорт шебері шықты. 2011 жылғы қыркүйектен бастап Батыс Қазақстан облысына келдік. Содан бері қандай да жарыс болсын жүлдесіз қайтқан кезіміз жоқ.

-Ендеше, Айдос Кенжеғұлов сынды шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз?

-Айдосқа қоса Дастан Кенжеғұлов бар. Алсу Сапарова, Санжар Жұбанов, сондай-ақ Серікбай Ержігіт, Гүлназ Бұланова, Айкөркем Батыроваларды айтуға болады. Таяуда Алматы қаласында 2011 жылғы және одан кіші жастағылар арасында өткен ел біріншілігінде Мансұр Сүйіндік, Арсен Асқар жүлдеге ілікті.

Ересектер арасында Айдос Кенжеғұлов алдағы Париж олимпиадасына берілер жолдаманы жеңіп алу үшін шет елдегі жарыстарға қатысып, Аустрия мен Қазақстанда жаттығуда. Басқаларына да артылар үміт көп.

-Бапкерлік – өте көп тер төгуді қажет ететін жұмыс қой?

-Иә, дұрыс айтасыз. Әр баланың жүрегіне жол тауып, жеке жұмыстану қажет-ақ. Күнде солай еңбектену керек. Бала бапкермен қатар теннисті сүйе білуі үшін бойындағы құштарлықты ояту маңызды. Біз, әрине, еліміздегі турнирлермен шектелгіміз келмейді. Шет жерлерге шығып, халықаралық жарыстарда шебер өнер көрсету – басты мақсатымыз. Сол жолда бригадамыздағы төрт-бес бапкер күн сайын жұмыстанудамыз.

-Сізді Орал қаласында үстел теннисіне жасалған жағдай қанағаттандыра ма?

-Бірден айтайын, бұрын қанағаттандыратын. Қазір шәкірттерім өсті, есейді, кішкентай зал тарлық етуде. Жаттыққанда, бір-біріне кедергі жасайды, залда ауаның ылғалдылығына дейін талапқа сай болуы керек. Әлемдік деңгейде ойнау үшін жағдай да соған сәйкес болуы тиіс.

-Сіздіңше, үстел теннисі Қытай мен Кореядағыдай дамуы үшін Қазақстанда не істелуі керек?

-Жалпы, Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен үстел теннисі қанат жайып келеді. Жеті облыста қазіргі заманғы үстел теннисі орталығы салынған. Осындай кешен Орал қаласында болса деп армандаймын. Сонда нәтиже бұдан да жоғары болатыны анық.

Әрине, Қытай мен Кореяға жету қиын болар. Оларда үстел теннисі ұлттық спорт түріне айналған, Қытайда бұл бағытта тұтастай университет жұмыс жасайды.

Қазақстанда үстел теннисін дамыту үшін бапкерлер мәселесіне баса көңіл бөлу қажет. Қазіргі кезде білікті мамандар жетіспейді. Жалақы төмен болғандықтан, жастар арнайы білім алса да, бапкерлікке жолағысы келмей, басқа салаға кетеді.

-Соңғы сауал, болашақта Олимпиадада кімдер өнер көрсетеді деп ойлайсыз?

-Осы кезге дейін Кирилл Герасименко, Анастасия Лаврова сияқты көптеген теннисшілеріміз төрт жылда бір рет өтетін айтулы додаға қатысты.

Олимпиада жолдамасын жеңіп алу өте қиын. Дегенмен үміт бар. Лицензия алу үшін бәріміз де ұйымшылдықпен еңбектенудеміз. Әсіресе, қарағандылық, 2007 жылғы Алан Құрманғалиевке зор сенім артудамыз. Ол 15 жасқа дейінгілер арасында 14 халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.


-Әңгімеңізге рахмет, бапкерлік еңбегіңізге табыс тілеймін.



Соңғы жаңалықтар