Қазақстанда уран өндіруші компанияларға жаңа міндеттер жүктелмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан уран өндіруші компанияларға жаңаша міндеттеме жүктегелі отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында мәжілісмендер көтерген «ҚР жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының уран өндіру мәселесі бойынша бөлігі қаралды.

«Біз уран қоры бойынша әлемде көшбасшымыз. Сол себепті инвесторлар бізге келгенде заңнамалық талаптар айқын реттеліп тұру керек. Уран өндіру келісімшартының мерзімін ұзарту мәселесі инвесторлар үшін өте маңызды. Бірақ келісімшарт мерзімін ұзарту – инвестициялық міндеттемелер аясында іске асуы тиіс деп талап қойып отырмыз. Себебі инвесторлар уран өндірілетін өңірлердегі халықтың радиациялық қауіпсіздігі мен қоршаған орта тазалығына ғана емес, аймақ экономикасының дамуына, қосымша жұмыс орындарының ашылып, әлеуметтік инфрақұрылымның қалыптасуына көңіл бөлуі керек», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің Экология және табиғат пайдалану мәселелері бойынша комитет мүшесі Ирина Унжакова ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін тілшілерге.

Оның айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы заң талабы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар уран қоры алғаш көрсетілген мөлшерден көп екені анықталған жағдайда коммерциялық бонус ретінде артық қордың бір пайызына тең төлем аудару керек. Жаңадан ұсынылып отырған заң талабында бұл бонус әлі нақтыланбаған. Бірақ бұл талап уран қоры бастапқы мөлшерден 30 пайызға пайыз артық болғанда ғана аударылады.

Ал Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, бұрын уран кенішінен қосымша қор табылса, салық органдары коммерциялық бонусты талап етіп келген көрінеді. Ал қосымша қордың бары дәлелденбесе, шыққан шығынды ешкім қайтармайтын.

«Енді барлау компанияларын ынталандыру үшін бұл бонусты алып тастадық. Оның орнына елеулі мөлшерде қосымша кен табылса, инвестор белгілі бір пайызын жергілікті аймақтың дамуына бағыттайтын болады. Осыған байланысты енді инвестор өз жобасымен бірге өңірді дамытуға қатысты жоспарларын да ұсынуға міндеттеледі. Бұл өзгеріске бірінші кезекте мемлекет мүдделі», - дейді Әсет Мағауов.


Соңғы жаңалықтар