Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті жоғары - Ерлан Саиров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаһандану процестері алдымызға көптеген талаптарды қойып отыр. Бұл туралы Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай өткен іс-шарадан кейін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың дамуы үрдісі өте жақсы келе жатыр деп айтуға барлық негіз бар. Өйткені тек орталықта ғана емес, сонымен қатар аймақтарда да Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, рухани мәселесі бойынша көптеген осындай ұйым жан-жақтан жұмыс істеп жатыр. Әрине, өмір өзгеріп жатыр. Сондықтан осыған байланысты үкіметтік емес ұйымдардың бағыты мен бағдарын бағыттап отыру керек. Менің ойымша, қазіргі кездегі ең негізгі тренд – ол әлеуметтік желіде, нақты қоғамдық өмірде пікірталас мәдениетін көтеру, төзімділік пен адамдардың өзара сыйластығына мән беру», - деді Е. Саиров.

Оның айтуынша, жаһандану процестері алдымызға көптеген талаптарды қойып отыр.

«Солардың бірі – өзіміздің рухани кодымызды, қазақылықты сақтап қалу. Осы мәселелер аясында әлеует өсетін болады және ол заңды құбылыс. Себебі қазіргі кезде үкіметтік емес ұйымдар халықаралық деңгейде экономиканың бір саласы болып есептеледі. Меніңше, елімізде әлеует елеулі түрде артады», - деді Ерлан Саиров.

Осы орайда депутат Президенттің реформасы аясында көптеген оңтайлы өзгерістер болып жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Іс-шара жыл сайын 27 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында өтті.



Соңғы жаңалықтар