Қазақстанда тұратын бүкіл ұлттардың болашақта мемлекеттік тілде сөйлеуіне жағдай жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтардың 70 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады деп тоқмейілсуге ешкімнің қақысы жоқ. Бұл туралы Халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екеніне ешкімнің ешқандай күмәні жоқ. Бүгінде өзіміздің ана тілімізде сөйлеуге ешқандай кедергі жоқ. Үкімет отырыстарының бәрі қазақ тілінде жүретінін елдің бәрі біледі. Сондықтан оны ары қарай дамыту әр қазақтың қолындағы, мойнындағы парызы десем, артық айтқандық емес деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда тұрғындардың 70 пайызы қазақ тілінде сөйлейді. Бірақ, оны ары қарай дамытуымыз керек. Тоқмейілсіп отыруға ешкімнің қақысы жоқ. Әсіресе, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары деңгейінде бұл мәселені дамытуымыз қажет», - деді Үкімет басшысының орынбасары Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның дерегінше, еліміздегі мектептердің 70 пайызынан астамы қазақ тілінде сабақ береді.

«Бұл үлкен жобалардың бірі. Бірақ, бұл саясиландыратын сұрақ емес. Тіл мәселесі Мәдениет және спорт министрлігінен Білім және ғылым министрлігіне берілді. Білім саласына берілді дегеніміз, тіл оқытудың нақты әдістемесін жетілдіре отырып, әрбір қазақ баласына, қазақтың санасына сіңіру керек. Қазақстанда тұратын бүкіл ұлттардың болашақта мемлекеттік тілде сөйлеуіне жағдай жасалды. Бірақ, жүзеге асыру бәріміздің мойнымызда», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар