Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырудың екінші кезеңі басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қабылдаған тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру жобасының екінші кезеңін бастайды. Бұл туралы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлихан Абақанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап БҰҰ ұсынған жаһандық тұрақты даму қағидаттарын ұстанып келеді. Адамзаттың тұрақты даму қағидаты 2030 жылға дейін арналған және біздің ел сол қағидаттарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Осы мақсатта Үкімет басшысы орынбасарының төрағалығымен үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Кеңес отырысына барлық мүдделі тараптар қатысып, өзекті мәселелер қаралады. Үйлестіру кеңесінің 5 жұмыс бағыты бар. Ол - адамдар, жер, өркендеу, серіктестік және бейбітшілік», - деді Әлихан Абақанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, институт өкілінің айтуынша, өткен жылдан бастап еліміздің тұрақты дамуына қатысты мониторинг жүргізетін Ұлттық экономика министрлігі жанында кеңес жұмыс істейді.

«Былтыр тұрақты дамуға қатысты ұлттық индикаторлар бекітілді. Қазақстан алғаш 2019 жылы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша ерікті ұлттық шолуын ұсынды. Биыл елімізде тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша ерікті ұлттық шолудың екінші кезеңі басталады. Бұл бағытта біз ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп екінші ұлттық шолудың жобасын әзірледік», - дейді ол.

Еске сала кетейік, 2015 жылы қыркүйекте БҰҰ-ға мүше мемлекеттер 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібін қабылдады. Онда бірқатар мақсаттар қамтылған, бұл ретте кедейшілікті жою, табиғи ресурстарды сақтау, адамдардың әл-ауқатын қамтамасыз ету секілді бағыттар ескерілген. Әрбір 17 мақсат бірқатар көрсеткіштерді қамтиды және оларға 15 жылдың ішінде қол жеткізу керек.


Соңғы жаңалықтар