Қазақстанда транзиттік теміржол тасымалы артып келеді – ҚР ИИДМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы дағдарыс кезеңінде Қазақстанда жеміржол арқылы транзиттік тасымалдау көлемі 32%-ға артты. Бұл туралы ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің географиялық орналасуы Еуропалық Одақ елдері мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы жүк ағындары үшін бірегей транзиттік мүмкіндіктер ұсынады. Қазақстанның транзиттік хабқа айналуы үшін бірқатар жобалар іске асырылды, соның ішінде орталық өңірлерді Батыспен (Жезқазған - Бейнеу) байланыстыру, Алматы-Шу бөлігінің өткізу қабілетін арттыру, қажетті порт пен терминал инфрақұрылымы құрылды. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде транзиттік тасымалдардың қазіргі көлемі 2016 жылғы көрсеткіштен 3,6 есе асады. Мәселен, 2020 жылғы дағдарыста транзиттік контейнерлік тасымалдар 876 мың ЖФЭ болды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 32%-ға көп», - деді Ж. Тайжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жалпы 1 жартыжылдық қорытындысы бойынша барлық қатынастар арасында контейнерлік жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау көлемі 800 мыңнан астам ЖФЭ құрап, 36% өсім көрсеткен. Оның ішінде транзиттік контейнерлік тасымалдар 44%-ға ұлғайып, 530 мыңнан астам ЖФЭ құрады.

Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1 млн ЖФЭ-ге, ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 1 млн 661 мың ЖФЭ-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

«Бұл көлемді қамтамасыз ету үшін тиісті фитингтік платформалар паркі қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда 8 мыңға жуық фитингтік платформалар паркі бар. Мұнда көрші елдерден тартылған парктерді ескерсек, нарықтың қажеттілігі қазіргі парктен бірнеше есе асып түседі. Осыған байланысты министрлік вагондар паркін жаңартуға операторларды ынталандыру үшін жұмыс жүргізуде. 2016 жылдан бастап вагондарды сатып алуға несие беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралы енгізілді. Осылайша, мемлекеттік қолдау арқылы шамамен 5,5 мың жүк вагоны, оның ішінде 3,5 мың фитингтік платформалар сатып алынды, олар контейнерлерді тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмысты «Қуатты өңірлер – экономиканың драйвері« ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жалғастыру жоспарлануда», - деді Ж. Тайжанов.


Соңғы жаңалықтар