Қазақстанда төменгі сынып оқушыларының 56% үйірмеге бармайды – зерттеу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен еліміздің бастауыш сынып оқушылары арасында зерттеу жүргізді. Зерттеу Еуропа мен Орталық Азияның өзге де елдерін қамтыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ДДСҰ 25 елдегі балалардың белсенділігін салыстырып, «Физикалық белсенділік экран алдында өткізілген және ұйқыға кеткен уақыт» тақырыбында есебін жариялаған.

Оған сәйкес, ДДСҰ 6-9 жас аралығындағы балаларға күн сайын орташа есеппен 60 минут қалыпты немесе жоғары қарқынды физикалық белсенділікпен айналысуға кеңес береді. Ал Қазақстанда 9 жасқа дейінгі балалардың 70,6 пайызы күніне 1 сағатқа жетпейтін уақытын белсенді ойынға бөледі. Белсенділіктің дәл осындай деңгейі Испания, Түркия, Дания елдерінің балалары арасында байқалады. Түрікменстан, Қырғызстан, Ресей, Латвия, Грузия, Чехия сынды 15 елде балалардың 82-98 пайызы күн сайын 1 сағаттан астам ойнап, үнемі қозғалыста болады.

Дегенмен, Орта Азия елдерінде мектепке және мектептен үйге жаяу баратын немесе велосипедпен қатынайтын балалардың үлесі жоғары. Мәселен, елімізде балалардың 70,9 пайызы мектепке жаяу барып келсе, Тәжікстанда бұл көрсеткіш 94 пайызға жетеді. Ал Португалия, Мальта және Ирландияда бұл көрсеткіш шамамен 20 пайыз ғана.

Қазақстанда төменгі сынып оқушыларының жартысы – 56 пайызы спорт немесе би үйірмелеріне бармайды. Еуропа елдерінде, атап айтқанда Дания, Латвия, Италия және Сан-Маринода балалардың кемінде 80 пайызы спорт немесе би үйірмесіне жазылса, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркияда балалардың 80 пайызы мұндай үйірмелерге мүлдем бармайды.

Осы жас тобына кіретін балаларға күніне 2 сағатқа дейін электронды құрылғы алдында отыруға кеңес беріледі. Сауалнама жүргізілген сәтте Қазақстанда әр 4 баланың 3-еуі күн сайын теледидар мен гаджет қарауға 2 сағатқа жетпейтін уақыттарын жұмсайтындығы анықталды.

Балалардың жақсы физикалық және психикалық саулығы үшін 9-11 сағат ұйқы барынша оңтайлы саналады. Қазақстанда балалардың 76,1 пайызы тәулігіне 9-11 сағат ұйықтайды.


Соңғы жаңалықтар