Қазақстанда теміржол билетінің алыпсатарларына жауапкершілік күшейтілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы теміржол билеті бойынша алыпсатарлықпен айналысатындарға жауапкершіліктің күшейтілгенін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі компанияға сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодексінің 30 тарауындағы 621-бабы 1-бөлігінде қарастырылған (ҚР-да теміржол көлігінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатуды ұйымдастыру қағидаларын бұзу) әкімшілік құқықбұзушылыққа тарту бойынша бөлігіне толықтыру енгізілді», - деп хабарлайды компаниядан.

Атап айтқанда, Қазақстанда теміржол көлігінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатуды ұйымдастыру қағидалары бойынша теміржол көлігінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) қайта сату, заңсыз сату түрінде жасалған бұзушылық, сол сияқты теміржол көлігінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) қайта сатуға, заңсыз сатуға жәрдем көрсеткендер мынадай жаза қарастырылған: жеке тұлғаларға – 100 (265 100 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет жасаған жағдайда жеке тұлғаларға – 200 (530 200 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

«Осыған байланысты теміржол билеттерін тек ресми сауда пунктінен сатып алуды сұраймыз», - деп ескертті компаниядан.

Соңғы жаңалықтар