Қазақстанда тауар сататын шетелдік компанияның экологиялық жауапкершілігі болуы керек- Батырбек Әубәкіров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Қаптамашылар қауымдастығының басшысы Батырбек Әубәкіров Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі принципін енгізу бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі дегеніміз - еліміздің экологиясын қорғау, өндірушінің шығарған тауардың қаптамасына жауапкершілік алуы. Мысалы, сіз танымал компанияның әтірсуын алдыңыз делік. Оны қолданып болғаннан кейін қаптамасын қоқысқа лақтырасыз және ол қаптама қайда баратынын білмейсіз. Осындай жағдайда сол танымал компания Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігіне тендер өткізіп, қаптамаларды жинап алуы үшін ақша төлеуі керек. Осылайша ол компания Қазақстан экологиясының ластанбауына үлес қосуы керек», - дейді Батырбек Әубәкіров.

Оның айтуынша, еліміздегі дүкен сөрелерінде тұрған тауардың 90%-ы шетелден келген өнімдер.

«Тамақ, киім-кешек, дәрі-дәрмек, косметиканың көбі шетелден келеді. Оның қаптамалары күндердің бір күнінде еліміздегі қоқыс полигондарын ластайтын болады. Бұл принцип дүниежүзі бойынша жақсы жолға қойылған. Егер қазақстандық компания шетелге өнімін сататын болса - өнім қаптамасы үшін, яғни қоқыс үшін ақша төлейді», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол жиналған қоқысты қайта өңдеу керек екенін айтты.

«Ең дұрысы - жиналған қоқысты қайта өңдеу немесе қайта өңдейтін елге сату. Tetra Pak шығаратын зауыт Қазақстанда жоқ. Біз оны Ресейден сатып аламыз. Олар бізге сатады, ал пайдаланып болған соң ол қай жерде қалатынымен шаруалары жоқ. Ал оның қоқысын біздің мемлекет жинауға тиісті емес, сол себепте тендер жариялап, ұтып алған кәсіпкердің ұйымы оның қоқысын жинайды. Мысалы, Tetra Pak деген контейнер ашып қойып, тұрғындар қаптаманы сол контейнерге салатындай жағдай жасап қояды. Осылайша Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігіне «Айына осынша, жылына осынша қаптама жинадық» деп есеп береді. Осылайша шағын және орта бизнесті дамытуға болады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар