Қазақстанда тауар биржаларының қызметіне қойылатын талаптар күшейтілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы тауар биржалары қызметінің талаптары мен ашықтығын арттыруға, биржалық сауданы дамыту үшін бәсекелес орта мен жағдайлар жасауға, сондай-ақ биржалық сауда көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Осы құжат 2021 жылғы 24 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұмыс тобының заң жобасымен жұмысы барысында депутаттар биржалық тауар ұғымын нақтылауға, отандық тауар өндірушілер болып саналатын дилерлердің биржалық сауда-саттыққа кедергісіз қатысуына бағытталған түзетулер енгізді. Сондай-ақ көміртегі бірліктерін сататын мамандандырылған биржа жеке-дара бөліп көрсетілді.

Мұнымен қоса, тауар биржаларының қызметіне қойылатын талаптарды арттыруды; биржалық сауданың бірыңғай қағидаларын енгізуді және Сауда және интеграция министрлігінің биржалық сауда қағидаларын әкімшілендіру жөніндегі құзыретін көздейтін, сондай-ақ биржалық сауда саласындағы нарықтық қатынастар мен бәсекелестік қағидаттарын бұзатын нормаларды алып тастайтын түзетулер енгізілді және көтерме-тарату орталықтарының ұғымы мен олардың функциялары нақтыланды.

Бұдан басқа, депутаттар дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына нормалар енгізді.

Осыған байланысты заң жобасының тақырыбы жаңа редакцияда жазылды: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметі, биржалық сауданы дамыту және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындылар берді.


Соңғы жаңалықтар