Қазақстанда тағы 5 мұнай бассейні зерттеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов елімізде Геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геологиялық барлау секторының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты атап өткен жөн. Жер қойнауын пайдалану саласын реттеуді жеңілдету үшін түзетулер топтамасы әзірленді. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша электрондық аукцион тетігі әзірленді. Теңіздегі геологиялық барлауға басымдық берудің арқасында 2018 жылдан бастап бірқатар жоба іске асырылды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» және әріптес ENI – Исатай, Абай кеніштерін, «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» компаниясы Жеңіс блогын дамыта бастады», - деді Әсет Мағауов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, теңіз жобаларымен бірге Қазақстанның аз зерттелген аумақтарында геологиялық барлауды жандандыру жоспарланып отыр.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған Геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы әзірлену үстінде. Бағдарлама сәтін салса 2020 жылы қабылданады. Арал, Сырдария, Ертіс бойы, Шу-Сарысу, Солтүстік Торғай сияқты 5 келешегі мол бассейнді зерделеу үшін мемлекеттік инвестиция салу көзделеді. Зерттеу дәрежесін арттыру бұдан әрі жер қойнауын пайдалануға жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар