Қазақстанда стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені құрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2016 жылдан бері 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылды. Бұл туралы стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер туралы заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2016 жылдан бастап банк секторын қалыпқа келтіру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6 пайызын құрайды», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, стрестік активтерге төлеу мерзімі 90 күннен асқан (870 млрд теңге) кредиттермен қатар, қайта құрылымдалған кредиттер (936 млрд теңге), өндіріп алынған мүлік (156 млрд теңге) және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері (356 млрд теңге) жатады.

«2019 жылы жүргізілген активтердің сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша стрестік активтердің үлесі банктердің несие портфелінің 21 пайызы болып бағаланды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банктер 554 млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырды, 128 млрд теңгеге капиталды қосымша ұлғайтты», - деді агенттік басшысы.

Соңғы жаңалықтар