Қазақстанда соңғы 10 жылда түрмеде жазасын өтеушілердің саны 2 есе азайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2010 жылы түрмеде жазасын өтеуші азаматтардың саны 63 мың болса, қазіргі уақытта олардың саны 30 мыңға дейін азайған. Мұндай статистиканы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, еуропалық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық-атқару кодекстері мен «Пробация туралы» заңды қабылдау жолымен Қазақстан оқшаулаумен байланысы жоқ қылмыстық жаза түрлерін қолдану аясын кеңейтіп келеді. Осыдан он жыл бұрын, 2010 жылы түрмеде жазасын өтеушілердің саны бойынша Қазақстан 31-ші орында тұрған еді. Қазір біз 100-ші орындамыз. Нақтырақ айтқанда, елімізде 100 мың адамға шаққандағы түрмеде жазасын өтеушілердің саны 202 адамды құрайды», - деді Жанат Ешмағамбетов IX Азаматтық форум жұмысының тақырыптық сессиясында.

Яғни 2010 жылы Қазақстанда түрмеде жазасын өтеушілердің саны 63 мың болса, қазіргі уақытта екі есе азайып, 30 мыңды құрап отыр. Ал пробацияға жататын азаматтардың саны 33 мыңнан 60 мыңға дейін артқан.

«Қазақстанда пробация институты мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен жүзеге асып келеді. Біздің заңнама пробацияның толыққанды циклын жолға қойған», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар