Қазақстанда шамамен 18,8 млн тонна астық бар – АШМ

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өткен жылдан қалған астықты қоса есептегенде, елімізде шамамен 18,8 млн тонна астық бар. Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев облыстағы егін жинау барысымен танысып, бірақатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралаған. Министр өңірге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың Павлодар облысына жұмыс сапары аясында делегация құрамында болған.

Ербол Қарашөкеев жел генераторы жүйесінің жұмысымен танысты. Одан кейін тауарлы сүт фермасына, әлеуметтік нысандар мен ғылыми зертханаға, облыстағы жылыжай мен көкөніс қоймаларына барып, шаруалармен кездесті.

Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында Е.Қарашөкеев картоп, көкөніс және дәнді дақылдар өсірумен айналысатын «Тимур» шаруа қожалығының алқаптарын аралап көрді.

«Қазіргі уақытта елімізде 14,6 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,3 центнерден айналды. Өткен жылдан қалған астықты қоса есептегенде, шамамен 18,8 млн тонна астық бар, оның 13,3 млн тоннасы бидай. Қазақстан ішкі қажеттілікті бидаймен толық қамтамасыз етеді», - деді министр.

Ведомство басшысына жылыжай өнімдерін өндірудің қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективалары ұсынылды.

«Инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында жылыжай салуға кеткен шығындар өтеледі», - деп атап өтті Е.Қарашөкеев.

Вируссыз картоп тұқымын өсіруге арналған биозертхананың жұмысымен танысқан министр жалпы ауыл шаруашылығы жүйесінің тиімділігі дақылдарды өсіру мен мал шаруашылығын дамытудың ғылыми әдіс-тәсілдеріне негізделуі тиіс екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар