Қазақстанда сауда балансының профициті екі есе ұлғайды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы Қазақстанда сауда балансының профициті 20,7 млрд долларға дейін екі есе ұлғайды. Оған тауар экспортының өсуі ықпал етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Сенат отырысында айтты.

«Сауда балансының профициті 2020 жылғы 10,3 млрд доллардан 2021 жылы 20,7 млрд долларға дейін екі есе ұлғайды. Профициттің өсуіне тауарлар экспортының өсуі ықпал еткен. Алдын ала дерек бойынша, ағымдағы шот 2022 жылдың бірінші тоқсанында профицитпен қалыптасып, 2,2 млрд доллар болды. Бұл шоттың теріс сальдосының оң жаққа ауысуы сауда балансының жақсаруына байланысты», - деді Ғ. Пірматов Сенаттың жалпы отырысында.

Сауда балансының профициті 6,3 млрд долларға ұлғайып, 9,9 млрд доллар болды.

Профициттің өсуі мұнай бағасының өсуіне байланысты тауарлар экспортының импорттан озып өсу қарқынына тікелей байланысты.

«Орнықты жаһандық инфляция көптеген елдердің Үкіметтері мен Орталық банктерін өз экономикаларын қолдау бойынша ынталандыруды қысқартуға мәжбүр етеді.Инфляцияның жоғары деңгейі экономикалық өсудің сапасына және азаматтардың әл-ауқатына кері әсер етеді. Соның салдарынан дамыған, сол сияқты дамушы елдердің көптеген орталық банктері инфляциялық қысымды төмендету және халықтың сатып алу қабілетін сақтау үшін негізгі мөлшерлемелерін көтеру цикліне көшті. Осы жағдайда Ұлттық банк инфляциялық құбылудың күшеюін болдырмауға мән береді және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді басты мақсат етіп, ақша-кредит саясатын жалғастырады», - деді Ғ. Пірматов.

Айта кетейік, Сенатта «2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы» ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баяндамалары тыңдалып жатыр.


Соңғы жаңалықтар