Қазақстанда сапалы ауыз су мәселесі қашан толық шешімін табады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 2000 жылдардан бастап халықты ауыз сумен және су бұру қызметімен қамтамасыз ету бойынша мақсатты саясат жүргізіліп келеді. Нәтиже де жаман емес. 20 жылдың ішінде «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, халықты сумен жабдықтау деңгейі 92,6 пайызға жетіп отыр. Дегенмен, алда қалған 7,4 пайыз халықты сапалы ауыз сумен қамту міндеті мемлекеттің алдында тұр. Бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің дәстүрлі отырысында осы мәселе жан-жақты қаралды.

Халықты сапалы сумен қамту жұмысы қалай жүргізілуде

Сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша алғашқы болып баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру басталды. Аталған бағдарлама аясында 2025 жылға қарай ел халқын толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін ауылдарды сумен жабдықтау жүйесін дамытуға жыл сайын кемінде 100 млрд теңге қаражат бөлінуде. Биыл қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға республикалық бюджеттен бөлінген 113,6 млрд теңгеге 303 жоба іске асырылып жатыр. Осы жылдың қорытындысында орталықтандырылған суға қол жеткізу деңгейі қалаларда 97,5 пайызға, ауылдарда 87,7 пайызға жеткізу жоспарланған.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай: 3 өңірде, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқы 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтылған. Алматы, Атырау және Қызылорда облыстарында ауылдық жерлерде сумен жабдықтау деңгейі төмен. Бұл ретте жекелеген өңірлер артта қалып отыр. Ауыз сумен қамту деңгейі Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарында төмен. Сумен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңызы зор. Мемлекет басшысы таза ауыз суға қол жеткізу деңгейін барлық өңірде теңестіру қажеттігін бірнеше рет атап көрсетті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау қызметімен кезең-кезеңмен қамту жөнінде жоспар әзірленді. Сондықтан өңірлер халықты сумен қамтамасыз ету үшін осы жоспарды кейінге қалдырмай, тиімді шаралар қабылдауы керек«, - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің дерегінше, қазір республика бойынша барлығы 6 341 ауыл бар. Оның ішінде 4078 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған. 279 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. 1146 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі салынып жатыр. 200-ден аз адам тұратын 838 ауылда өз елімізде өндірілген су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады. Ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізу мақсатында интерактивті карта әзірленіп, іске қосылған. Онда көптеген параметрлер бойынша нақты жағдай көрсетілген.

»Мұнан бөлек еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту жобаларын іске асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Халықаралық қаржы ұйымдарымен шамамен 330 млрд теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша келісім бар«, - деді ол.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Балқаш, Жаңатас, Жезқазған, Сәтбаев, Степногорск қалаларында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу мен реконструкциялау бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Сараптама оң қорытындысын берді. Бұл жобаларды шамамен 40 млрд теңге мөлшерінде Азия даму банкі қарызы есебінен іске асыру жоспарланған. Ақтөбе, Аягөз, Қапшағай, Қарағанды, Пришахтинск, Риддер қалалары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Құны шамамен 90 млрд теңге болатын ол жобаларды Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен іске асыру көзделген.

»Әлемдегі пандемияға байланысты жобаларды іске асыру 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына ауыстырылды«, - деді ол.

Топтық су құбырлары жобасына 133 млрд теңге жұмсалады

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің дерегінше, қазіргі уақытта республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбырлары бар. Оның ішінде республикалық меншікте 13 мың шақырым құрайтын 37 топтық су құбырлары тіркелген. Олар жалпы бір миллионнан астам адамы бар 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде. 2019-2020 жылдар аралығында тиісті қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар топтық су құбырлары бойынша құрылыс жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, 2019 жылы Павлодар облысындағы Май, Беловод және Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал топтық су құбырлары пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы Алматы облысындағы Қаскелең, Қызылорда облысындағы Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов құбырының екінші кезеңі, Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты топтық су құбырлары бойынша барлық жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады.

«Нәтижесінде бұған дейін сапалы суы болмаған 37 ауылдық елді мекен бойынша жаңадан су құбырлары салынып, 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса, бір қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 287 мың тұрғынды қамтиды. Биыл 3 топтық су құбырының құрылысы басталды. Олар - жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары. Және Қарағанды облысындағы Есқұла топтық су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Аталған топтық су құбырлары 2021 жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 3 ауылдық елді мекенде тұратын 1,3 мың адам үшін сапалы ауыз су қолжетімді болады. Сонымен қатар, 3 қаланы сумен қамтамасыз ететін құбырлары жаңартылады. Яғни, 94 мың тұрғын үшін берілетін ауыз судың сапасы жақсарады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін 11 топтық су құбыры қайта жаңартылып, жөнделеді. Оның ішінде бірқатар су құбырлары ұзартылады. Осының арқасында бұған дейін сапалы суы болмаған 87 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 104 мыңға жуық адамды қамтиды. Сонымен қоса, 321 ауылдық елді мекеннің ауыз су беру жүйесі жаңартылатын болады. Бұл өз кезегінде 525 мың адамды қамтиды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін топтық су құбырлары жобаларына 133 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарда бар. Оның ішінде жаңадан салуға 14,5 млрд теңге, ал қайта жаңартуға 118,5 млрд теңге бөлінбек. Осының есебінен алдағы бес жылда жаңадан 1,5 мыңға жуық шақырым құбыр желілері салынады және 1720 шақырымы қайта жаңартылып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Атқарылатын жұмыстардың арқасында бұрын ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 90 ауылдық елді мекенге су құбыры тартылып, 105 мың тұрғын сапалы ауыз суға қолжетімді болады. Сонымен қатар, 321 елді мекеннің ауыз су беру жүйесі жөнделіп, жаңартылады. Бұл 520 мыңнан астам адамды қамтиды. Жалпы, 5 жыл ішінде 3 мыңнан астам шақырым топтық су құбарлары салынады. Ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін жүз пайызға жеткізу жоспарланған. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі министрліктің үнемі бақылауында», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Әкімдер халықты таза сумен қамту жайлы есеп берді

Үкімет отырысында бірінші сөз кезегі тиген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың дерегінше, өңірде 352 ауылдың 141-інде немесе 40 пайызында орталықтандырылған су бар. Облыста тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы үш бағытта жүргізіліп жатыр. Оның біріншісі – ірі су құбырларын салу. Осы жылы 16,9 млрд теңгеге ұзындығы 605 шақырым болатын 56 жоба іске асырылу үстінде. Биыл таза суға қолжетімділік көрсеткіші 50 пайызға жетеді. Келесі жылы 10,1 млрд теңгеге 42 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде аталған көрсеткіш 58 пайызға жететін болады. Осы бағыттағы жұмыс 2022-2023 жылдары жалғасады.

«Екінші – халық саны 200-ден кем ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету су тарату және тазарту пунктерін орнату арқылы облыстық бюджет есебінен орындалады. Үшінші – Павлодар қаласын сумен толық қамтамасыз ету 2022 жылға дейін шешіледі. Аталған шараларды іске асыру 3 жылдың ішінде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.

Ал Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің айуынша, өңірде 529 оның ішінде халалық 9 және 520 ауылдық мекен бар. Қалалық елді мекендердің барлығы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.

«Ауылдық елді мекендер бойынша сумен қамтамасыз ету жағдайы күрделі. Өйткені, Кеңес одағы кезінде облыс топтық су құбырлары арқылы ауыз суды Солтүстік Қазақстан және Ресейдің Қорған облыстары арқылы алып отырған. Топтық құбырлар тозған, істен шықты деп айтуға болады. Қазір біз барлығына жобалар құрып, үш бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Осы жылы сумен жабдықтау және су бұру бойынша 57 жобаны іске асыруға 15 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бүгінде 75 пайызы игерілді. 57 жобаның 31-і пайдалануға беріледі. Қалған 26 жоба 2021 жылы аяқталады. Бұл бірінші бағыт бойынша халқы 300-ден асатын ауылдарға қатысты», - деді ол.

Оның айтуынша, екінші бағытта 300-ге дейін тұрғындары бар ауылдарды су тарату және тазарту пунктері салынып жатыр. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Биыл 13 ауылда жұмыс басталды. Үшінші бағытта тұрғындары 200-ден аз шағын ауылдарға су жеткізу ұйымдастырылған. Ол үшін 14 автоцестерна сатып алынған. Биыл тағы 15-і сатып алынады.

«Жоспарымызға сәйкес, 2025 жылға дейін 95 млрд теңгедей қаржы керек. Жыл сайын 20-25 млрд теңге қажет болып тұр. Барлық жобалық-сметалы құжат дайындадық», - деді Архимед Мұхамбетов.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, өңірдегі 4 қалада 394 мың адам немесе 88 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Тараз қаласында 6 жоба, Шу қаласында 8 жоба әзірленген. Жалпы құны 9 млрд теңгені құрайды.

«Ауылдық елді мекендерге келер болсақ, қазіргі жағдайда 513 мың адам немесе 75 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері 9 елді мекендер тұратын 13 100 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. 2020 жылға 50 ауыз сумен

жабдықтау нысаны құрылысына бюджеттен 18 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда ауыз су саласындағы жұмыстардың көлемі 2,5 есеге ұлғайып отыр. Соның нәтижесінде биыл 30 елді мекенде жаңа ауыз су құбыры салынып, 10 елді мекенде қолданыстағы су құбырлары жаңартылады. Жыл соңына қамтылу деңгейі 83 пайызды құрайтын болады. Қалған 114 елді мекенде бүгінгі күні 4,8 мың адамға су тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату көзделген. Облыс халқын жалпы 100 пайыз қамтамасыз ету 2025 жылға дейін жоспарланған», - деді Ержан Жылқыбаев.

Халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесі толық шешіледі

Қаралған мәселеге қатысты түйінді сөз айтқан Премьер-Министр Асқар Мамин сумен жабдықтау және су бұру мәселелері Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылатындығын және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер ететіндігін баса атап өтті. Жалпы елде орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 97,2, ауылдарда 86,4 пайызды құрайтындығын жеткізді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай халықтың 100 пайыз сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі. Осының арқасында біз халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін толығымен шешеміз», - деді Асқар Мамин.

Оның атап өтуінше, сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың типтік жобаларын, отандық өндірушілердің материалдарын пайдалану қажет. Бұл жобалардың шығындарын қысқартып қана қоймай, жергілікті қамтуды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол жалпы мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шараларды қолдауға болады деп есептейтіндігін айта келе бірқатар мәселеге назар аудартты.

«Бірінші. Индустрия министрлігіне әкімдермен бірлесіп, осы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Екінші. Экология министрлігі топтық су құбырларын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдап, оларды салу және реконструкциялау жобаларын уақтылы іске асыруды қамтамасыз етсін. 2021 жылдың соңына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуді көздейтін, ұзаққа созылған үш жобаның құрылысын аяқтау қажет. Үшінші. Индустрия, Ұлттық экономика, Қаржы, Экология, Денсаулық сақтау министрліктері халық үшін тарифтердің артуына жол бермеу үшін кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру тетігін заң жүзінде бекітуді қамтамасыз етсін, қарыздарға қызмет көрсету мен өтеуді ескеру қажет», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар