Қазақстанда өткізілген мүлікке салынған тыйымды алып тастау тәртібі өзгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Енді мүлікті соңғы өткізген сот орындаушы басқа сот орындаушылары салған барлық тыйымның күшін жояды деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

27 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

«Борышкердің мүлкіне әртүрлі атқарушылық іс жүргізу шеңберінде екі және одан да көп сот орындаушылары тыйым салуы мүмкін. Бұрын мұндай жағдайларда адал сатып алушы әрбір сот орындаушысына өзінің тыйым салуларын алуы үшін жүгінуге тура келетін. Кейде сот орындаушылары бас тартып, сатып алушы сотқа жүгінуге мәжбүр болатын. Енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүлікті сауда-саттықта өткізген сот орындаушысы осындай мүліктен барлық тыйым салуларды, соның ішінде басқа сот орындаушыларының тыйым салуларын да жоюға міндетті» деп мәлім етті министрліктен.

Айта кету керек, тыйым салынған мүлікті сату үшін Бірыңғай электрондық сауда алаңы арқылы 2020 жылдың I жартыжылдығында 25 495 676 920 теңге сомасына 1530 лот сатылды, ал 2019 жылдың осындай кезеңінде жалпы сомасы 18 423 227 050 теңгені құрайтын 1415 лот сатылды.

Естеріңізге сала кетейік, заң алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң 2020 жылдың 8 шілдесінде күшіне енді.


Соңғы жаңалықтар