Қазақстанда отбасының цифрлық картасы әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда отбасының цифрлық картасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сондай-ақ, біз отбасының цифрлық картасын жасау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жоба қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды автоматты түрде анықтауға бағытталған. Деректер білім беру, экономикалық жағдайлар, денсаулық, сондай-ақ тұрғын үй және әлеуметтік ахуал сияқты түрлі бағыттар бойынша мемлекеттік органдардың интеграцияланған жүйелері негізінде қалыптастырылатын болады. Бұл азаматтардың мемлекеттік мекемелерге жүгінуін күтпей-ақ, түрлі салалардан белсенді түрде кешенді қолдау шараларын көрсетуге, сондай-ақ қолжетімді индикаторлар арқылы отбасының әлеуметтік жағдайының нашарлауына болжам жасауға мүмкіндік береді», – деді Ербол Оспанов орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министр сондай-ақ электронды еңбек биржасы порталының жұмысын жетілдіру туралы айтты. Бұл ресурс 2018 жылы іске қосылды және жұмыс берушілерден, мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарынан және жеке жұмыспен қамту агенттіктерінен, онлайн-алаңдардан түсетін бос жұмыс орындарын, сондай-ақ жеке тұлғалардың түйіндемелерін жинақтайды.

«2020 жылы электронды еңбек биржасы арқылы 532 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 319 мыңы тұрақты жұмыс орындарына және 213 мыңы уақытша жұмысқа кірді. Жыл басынан бері электронды еңбек биржасы көмегімен 101 мың адам жұмыс тапты», – деді ол.


Соңғы жаңалықтар