Қазақстанда өрт көбіне неден шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде болатын өрт жағдайының негізгі себептері аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда елімізде өрт жағдайы 16,5% -ға азайған. Оның ішінде өрт салдарынан қаза табу жағдайы 22% -ға, ал, жарақат алу 27% -ға төмендегені байқалады. Енді талдау нәтижесіне келсек, елімізде өрт салдарынан қаза тапқандардың 34,7%-ы мас күйінде болған, 28,2% жағдайда адамдар ұйықтап білмей қалған. Және 4,3%-ы өрт кезінде адамдар сасқалақтап, дүрбелеңге бой алдыру себеп болып отыр. Яғни не істеу керектігін білмей қалады. Және 2% жағдайда - мобильділіктің болмауы себеп», - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде өрттен қаза болудың 14 фактісі бойынша сот-медициналық сараптама қорытындысы әзірге алынған жоқ.

Одан бөлек, ТЖМ өкілі өрт шығудың негізгі себептеріне тоқталып өтті.

«39,1% - адамдардың отты абайсыз пайдалануы, 26% - мас күйінде шылым тартып, оның қалдығын тастай салу, 10% - электр құралдарын қолдану қауіпсіздігін сақтамау, 6,5% - пеш жағу ережесін дұрыс орындамау, 4,3% - түрлі жарылыстың салдарынан өрт туындайды. Сонымен қатар 2% қасақана өртеу. Және қазіргі уақытта 5 өрт фактісі бойынша себебі анықталу үстінде», - дейді ол.

Бұған дейін Нұрболат Дербісов биыл елімізде жылыту маусымы басталғалы улы газ датчигі дер кезінде дабыл қағып 29 адамның өмірін сақтап қалғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар