Қазақстанда оқ-дәрі сақтайтын 2 қойма салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елімізде оқ-дәрі сақтауға арналған 2 нысанның құрылысы басталады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Ақтөбе мен Қарағанды облыстарының адам тұрмайтын аудандарында оқ-дәрі сақтауға арналған 2 заманауи нысан құрылысы басталады. Олар барлық қалған сақтау нысандарының жүктемесін барынша азайтуды және елдің азаматтық тұрғындарының қауіпсіздігін барынша сақтауды қамтамасыз етеді», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Оның атап өтуінше, аталған екі нысанға қойылатын негізгі талаптар Қарулы Күштердің нормативтік-құқықтық актілеріне, қауіпсіздік нормаларына негізделген. Сонымен қатар ол нысандардың құрылысына қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты.

«Биыл үлгереміз деп үміттенеміз», - деді Бақыт Құрманбаев.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 2019 жылы 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді.



Соңғы жаңалықтар