Қазақстанда нормативтік құқықтық актілерге сараптама жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ендігі уақытта еліміздегі нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аналитикалық сараптама жүргізіледі. Ол үшін арнайы сарапшылар пулы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жүргізу қажеттігіне назар аударды. Бүгінде нормативтік құқықтық актілер саласына талдау жүргізу қажеттігі туындап отыр. Осы орайда аталған салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында 4 кезеңнен тұратын сарапшылар байқауын өткіздік. Алғашқы кезеңде 211 адам сарапшы ретінде қатысуға яғни сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлесін қосуға ниет білдірді. Оның ішінде 7 өтінім құжат сәйкессіздігіне және 5 өтінім сарапшылар талабына сай келмегендіктен кері қайтарылды. Нәтижесінде тестілеу кезеңіне 199 үміткер жіберілді», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі парасат департаменті директорының орынбасары Нұрсұлтан Бекинов онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тестілеу сынағы қатаң түрде, яғни автоматтандырылған прокторинг жүйесінде өткізілді.

«Тестілеуге 15 үміткер қатысқан жоқ. Осылайша, сынақтан өткен 184 үміткердің 98-і жеткілікті балл жинады. Сондай-ақ, сарашыларды конкурстық іріктеудің соңғы әңгімелесу кезеңі Zoom-конференция арқылы өтті. Әңгімелесу қорытындысы бойынша 97 үміткердің ішінде екеуі жеткілікті балл жинай алмады, біреуі әңгімелесуге келген жоқ. Байқауды қорытындылау нәтижесінде агенттік сарапшылар тізілімін бекітті, оның құрамында 93 сарапшы бар», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар