Қазақстанда неміс капиталымен 450 кәсіпорын жұмыс істейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов ГФР-дің Қазақстандағы елшісі Тило Клиннермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кездесу барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық саладағы қазақстан-герман ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі кеңейту мен нығайтуға бағытталған міндеттеме расталды», - делінген министрліктің хабарламасында.

Сонымен қатар, 2017 жылдың шілдесінде Астанада өткен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер арасында жасалған келіссөздің нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

«Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды және стратегиялық әріптесі. Біз екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейтуге, атап айтқанда Қазақстан нарығына неміс инвестицияларын және технологияларын тартуға мүдделіміз. Сыртқы істер министрлігіне жүктелген жаңа міндеттер аясында біздің ынтымақтастығымыз жаңа серпін алады», - деді министр Бейбіт Атамқұлов.

Хабарламада айтылғандай, неміс елшісі Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту Германия дипломатиясының Орталық Азия аймағындағы басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. Және де Тило Клиннер Қазақстан экономикасын одан әрі жаңғырту жоспарларын құптап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Министрлік дерегіне сүйенсек, 2005 жыл мен 2018 жылдың қараша айы аралығында Германиядан Қазақстанға 8,6 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестиция тартылды. Одан бөлек, өткен жылдың қаңтар-қараша айындағы екіжақты тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, бүгінгі күні Қазақстанда неміс капиталымен 450 кәсіпорын жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар