Қазақстанда неге Зағиптар үйі жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Мирас-А» қорының президенті Жүзбай Серікұлы қоғам мен билік алдында осындай мәселе көтеріп отыр. Айтуынша, көз жанарынан айырылғандардың кейбірі жалғыздықтан жапа шегіп, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін баратын көрінеді. Міне, сондықтан, «біздің мәселемізді көпшілік көзімен емес, көкірегімен көре білсе» дейді ол.

Біржан Нұрымбетов Зағиптар үйін салу жайлы: Толығымен қолдаймыз!

Жүзбай Серікұлымен елордадағы «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында таныстық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің қабылдауында азаматтардың бірі зейнетақы, екіншісі атаулы әлеуметтік көмек алу мәселесімен, үшіншісі пәтер бойынша алданған үлескер ретінде жүгінген-тін. Көппен бірге «Зағиптар үйі» жобасының эскизімен Жүзбай Серікұлы да келіпті.

«Өзім І топтың мүгедегі болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына баса мән беремін. Қоғамда әртүрлі жағдай, сан қилы тағдыр кездеседі. Мысалы, көз жанарынан айырылған жандар көмекке өте мұқтаж. Көзіне ота жасалып, жалғыз қалған қаншама адамды көрдім. Осындай қиындыққа төзбей өз-өзіне қол жұмсай жаздағандар бар. Сондықтан, біздің мақсатымыз – жер алып, ғимарат салу. Бүкіл Қазақстанның өңірлерінде көз жанарынан айырылып, жалғыз қалған жандар сол жерде өмір сүріп, еңбек ете алса деймін», - дейді Жүзбай Серікұлы.

Қор директорының сөзіне құлақ ассақ, елімізде Қарттар үйі, Мүгедектер және Балалар үйі болғанымен, көз жанарынан айырылған адамдарға арналған үй жоқ.

«Әлбетте, ешкімді ешкіммен салыстырғым келмейді. Жобаның құрылымын жасап қойдық. Ғимаратты салсақ, оның ішінде өзінің жаттығу залы, офтальмологиясы, асханасы мен акт залы болады. Сондай-ақ, зағип жандардың өз шеберханасын да ашсақ дейміз. Яғни, олар өз кәсібімен сол жерде айналыса алса деген ниет бар. Жобаға шамамен 5 млн АҚШ долларындай қаражат керек. Ғимарат үшін 2 гектар аумақ қажет», - дейді ол.

Жүзбай Серікұлы келтірген мәліметке сенсек, Қазақстанда қазіргі таңда 25 мың зағип жан болса, Нұр-Сұлтанда көз жанарынан айырылған І және ІІ топтағы 600 адам бар.

Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне бірден ұнаған секілді. «Бұл идеяларыңыз жақсы. Мен қолдаймын!» деді сенімді дауыспен Біржан Нұрымбетов.

«Қазақстанда мұндай Зағиптар үйі болмаса, оны бастау керек. Сіздерге рахмет. Шама-шарқынша демеушілерді тартып, депутаттармен, әкімдік өкілдерімен кездесіп, жобаны бастап жатыр екенсіздер. Қоғамға зағиптар мәселесін жеткізуге толығымен қатысамыз. Қандай көмек керек – өз тарапымыздан толығымен қолдаймыз», - деді министр.

Салмақты серт

Осыдан кейін өзі емес, өзгенің тағдырына алаңдап жүрген Жүзбай Серікұлын әңгімеге тартып көрдік. Қорғалжынның тумасы екен. 2009 жылы «Мирас-А» қорын ашуына өміріндегі тосын оқиғалар себеп болған.

«Күзет фирмасын ашып, жұмыс жүргізе бастаған кезім еді. Бір күні әке-шешемнің үйіне барғанымда «қоқыс жәшігінің ішіне баланы тірідей қалдырып кетіпті» деген әңгімені естіп денем дір ете қалды. Араға бір апта салып, қаладағы мектептердің бірінің директорымен сөйлесіп тұрсам, ол да белгісіз біреудің жәшікке сәбиді тірідей тастап кеткенін айтып берді. Тағы бір сондай баланың мешітте қалдырылғанын естідім. Ақыры, перзентханаға барып, жағдайды білмекке бекіндім. Дәрігерлермен сөйлессем, бұрын бірен-саран кездескенімен, қазір өз қазақтарымыз балаларын жаппай тастап жатыр екен. Сол кезде маған мынадай ой келді: «Құдай мені мұндай жағдайдың үшеуімен кездестіріп отыр. Демек, мен бұл қаталдықпен күресуім керек». Осы оймен қаланың бүкіл перзентханаларын аралап шығып, бас дәрігерлеріне «отказной» атанған балалар кездессе, маған хабарласыңдар деп «визиткамды» тастай бердім», - дейді Жүзбай Серікұлы.

Қолында аздаған дәулеті бар Жүзбай осылайша, сәбилерді қамқорлығына ала бастайды. Алдымен, ол балалардың тұл жетім қалуына не себеп болатынын білмекке тырысыпты. Байқаса, жай-күйі жоқ, тірлікте қиналған жас аналар көбінде осындай қадамға барып жататын көрінеді. Міне, сол үшін Жүзбай баланы жетім атандырмай, олардың әке-шешелеріне қаржылай қолдау көрсетпекке бекінеді.

«Сәбилердің аналарына бір жылға дейін пәтер жалдап, жігітімен немесе ата-аналарымен қосып, баланың жетім атанып қалмауына бар жағдайды жасауға тырыстық. Осылайша, жүзден астам баланы жетім қалудан аман алып қалдық. Сол балалар қазір 9-10 жасқа келіп қалды. Күндердің күнінде бұл оқиғалардың алдын алу маңызды екеніне көзім жете бастады. Сол үшін «Тәрбие және тағылым» атты спектакль дайындап, бүкіл мектепке, университетке қойғыздым. Ақыры, қайырымдылық бағытындағы жұмысымыз кең ауқым ала бастады. Осы мақсатта зағип жандарды оқытып, газет ашып, «Бір мүмкіндік» атты жоба бастадық. Ол жоба бойынша, жасы қырықтан асқандардың дәстүрлі эстрадалық, аспаптық концерттерін өткіздік. Бұл ретте қолдау білдірген қалалық Мәдениет басқармасына басшы болған Болат Мажағұловқа алғыс білдіргім келеді. Сондай-ақ, қайырымдылық қорының ішінен «Шаңырақ» атты танысу бұрышын ашып, қыздар мен жігіттердің отбасы құруына мұрындық болдық», - дейді ол.

2016 жылға дейін көз жанары бойынша ІІІ топтың мүгедегі ретінде тіркелген Жүзбай Серікұлының көзіне екі жыл бұрын тағы екі ауыр ота жасалады. Осыдан кейін оның көзі мүлде көрмей, үйінде біршама уақыт жатып қалыпты. Былтыр көзі қайтадан ашыла бастаған екен.

«Ауруханада жатқан кезде қаншама адаммен кездестім. Зағип жандардың кейбірін отбасы тастап кетіп, қайда барарын білмей қиналады екен. Үміті селге кетіп, көңілі құлазып кеткен біреуі тіпті өзіне қол жұмсай жаздады. Кейбірі амалсыз Қарттар үйін паналайды. Олардың сөзі жүрегімнен өткен кезде «енді не істеймін» деген ой келді. Көз жанарынан айырылған адамдардың бәрін сабырға шақырып, «егер Алла нәсіп етіп, көзімде кішкене саңылау ашылса, Зағиптар үйін салуға күш саламын» деп уәде бердім. Міне, жобаға осылай келдім», - дейді Жүзбай Серікұлы.

«Қараңғыдағы кешкі асқа» келіңіз

13 қараша – Халықаралық зағип жандар күні. Дәл осы күні Жүзбай Серікұлы қаланың кәсіпкерлері мен Парламент депутаттарын, жалпы қайырымдылыққа атсалысқысы келетін азаматтарды «Қараңғыда кешкі ас» кешіне шақырып отыр. Акция кешкі сағат 18.30-да «Тұран» мейрамханасында өтеді.

«Қазақ жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Сол үшін бүгін көптің алдына көз жанарынан айырылған адамдардың мәселесін көтерсем деймін. Онда мүмкіндігі шектеулі азаматтар да болады. Сол жерде «Зағиптар үйі» жобасын таныстырып, келушілерге қараңғыда кешкі ас ішкізбекпіз. Дәрігерлердің өзі қараңғыда тамақтанудың денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдеген. Сонымен бірге, сау адамдар да зағип жандармен бірге қараңғыдағы өмірдің қандай болатынын сезініп көрсе екен деген ниет бар. Онда көз жанарынан айырылған азаматтар концерттік шара өткізеді. Барлықтарыңызды шақырамыз», - деп түйді Жүзбай Серікұлы.

Соңғы жаңалықтар