Қазақстанда мұнай-химия өндірісіне қызығушы инвесторлар артып келеді - вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Қазақстанның мұнай-химия өнеркәсібін қалай дамытып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Энергетика министрлігі ерекше назар аударып отырған тағы бір маңызды сала - мұнай-химия саласын дамыту, көмірсутегі шикізатын қайта өңдеп, өнімдерін шығару. Өздеріңіз білетіндей, мұнай-химия саласындағы әр доллар экономикада 2-3 долларлық өсімді әкеледі және жаңа 7 жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Өнеркәсіптің барлық саласы дерлік мұнай-химия өнімдерін тұтынады: құрылыс, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина, ғарыш және басқа салаларда өнімге сұраныс жоғары», - деді Мұрат Жүребеков елордада өтіп жатқан «Орталық Азиядағы мұнай өңдеу мен мұнай химиясы» атты халықаралық конференцияда.

Оның айтуынша, мұнай-химия саласына инвестиция тарту үшін министрлік мемлекеттік қолдауды ұсынады. Мәселен, қазірдің өзінде Атырау облысында салықтық және кедендік артықшылықтарға ие арнайы мұнай-химия аймағы құрылған.

«Мемлекет инфрақұрылым құрылысын жүргізуді қаржыландырады. Өйткені бұл капиталды 20 пайызға және пайдалану шығындарын15 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі жеңілдеді. Осылайша, ведомствоаралық комиссия деңгейінде өтініштер бір терезе қағидаты негізінде қаралады. Бұл бағыттағы жұмыс рұқсат беру мерзімін екі жылдан үш айға дейін қысқартты», - деді ол.

Мұрат Жүребеков сонымен қатар, жобалау мен құрылыста халықаралық стандарттарды қолдану мәселесі шешілгенін атап өтті.

«Мемлекеттік қолдау шаралары арқасында Қазақстан бұрын өндірілмеген бензол (қуаты - жылына 133 мың тонна) және параксилол (қуаты - жылына 500 мың тонна) өндірісін (2016 жылы) іске қосты. Мұнай-жол битумдарының өндірісі 2013 жылы 200 мың тоннадан жылына 800 мың тоннаға дейін төрт есе өсті. Бұл жол саласының ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. 2018 жылы қуаты жылына 2,6 млрд долларлық полипропилен өндіруге арналған газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Жыл сайын Қазақстанда мұнай-химия өндірісімен айналысқысы келетін инвесторлардың саны артып келеді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрайтын 10-нан астам жоба әртүрлі даму сатысында тұр. Оларды жүзеге асырудың негізгі мәселесі - жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету», - деді Мұрат Жүребеков.


Соңғы жаңалықтар