Қазақстанда мүгедектердің әлеуметтік жағдайы қалай жақсартылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Осыған орай аталған заң аясында қандай тың жаңашылдықтар енгізілетіндігін, жалпы мүгедектігі бар тұлғалардың әлеуметтік жағдайы қалай жақсаратындығын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Сырым Насиден сұрап білген едік.

- Мүгедектікке және асыраушысынан айырылған жағдайда бірреттік жәрдемақы алу құқығын беру жайында айтып берсеңіз. Бұл жаңашылдық қанша адамды қамтиды?

- 1997 жылдың 16 маусымындағы «Қазақстан Республикасындағы мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайдағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы туралы» Заңның 1-бабы 3-тармағына сәйкес, түрлі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны бірреттік алу құқығы бар тұлғаларға олардың таңдауымен бір жәрдемақы тағайындалады. Іс жүзінде егер ата-аналары ажырасатын болса, онда отбасында қалғанына балалары кәмелетке толмағанға дейін алимент төлейді. Бұған қоса, «Неке және отбасы» туралы кодекстің 139-бабы 2 тармағына сәйкес, балаларға арналған алимент мөлшері тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары немесе өзге де назар аударуға тұрарлық жайттарға байланысты сотпен ұлғайтылуы мүмкін.

Ерекше жағдайлар болған кезде ата-ана аталған жағдаяттан туындайтын қосымша шығындарды өтеуге қатысуға сотпен тартылуы ықтимал. Демек, мүгедек балаға төленетін алимент мөлшері баланың ауруына және оны емдеуге қажетті қосымша шығындардың қажеттілігіне байланысты артуы мүмкін. Бұған қоса, ата-аналардың бірі қайтыс болатын болса, онда мүгедек балаға асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленбейді. Өйткені, ол мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады.

Осыған орай мүгедек балаларға бір уақытта мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының екі түрін алуға мүмкіндік бере отырып, олардың материалдық жағдайын жақсарту мақсатында бұл мәселені реттеу ұсынылады. Бұл ұсыныс жалпы алғанда «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде азаматтардың аз қамтылған санатын және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қамтамасыз етуді арттыру бөлігінде берілген тапсырмаларға сай келеді.

Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қосымша бюджет қаражатының қажеттілігі 2021 жылы 1 169 027 мың теңгені (2 164 адам), 2022 жылы 1 251819 теңгені (2 164 адам) және 2023 жылы 1 264 451 (2 164 адам) құрайды.

- Ведомствоның соңғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда еңбек ету барысында мертігуіне орай қанда адам мүгедектік алды? Мұндай жағдайлардың тіркелуі қандай кәсіпорындарда басым? Қазіргі уақытта қанда адам оңалту техникалық құралымен және оңалту қызметтерімен қамтылған?

Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек ету барысында мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдығу салдарынан мүгедекттік алған адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңға сәйкес, олар шипажайлық-курорттық емдеумен, техникалық сүйемелдеу және арнаулы қозғалыс құралдарымен жұмыс берушінің қаражат есебінен қамтамасыз етіледі. Олар: кресло-бесік арба, протездер, есту аппараттары, көру қабілеті нашарлағандарға арналған сағаттар және басқалары. Жұмыс берушінің, жеке кәсіперліктің қызметі тоқтатылғанда немесе заңды тұлға жойылған жағдайда бұл міндеттеме мемлекетке өтеді.

Бұған қоса, мүгедектер кәсіпорын қызмет тоқтатылғанда немесе банкроттық процедурасын жүргізу барысы кезеңінде оңалту техникалық құралдарын алу мүмкіндігінен айырылған. Тәжірибеде банкроттық процедурасы 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін. Аталған кезеңде өндіріс барысында мүгедек болып алған адам оңалту техникалық құралынсыз қалады?

- Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды баспана кезегіне қою алгоритмін айтып берсеңіз. Жыл сайын мұндай қанша отбасы баспаналы болады?

- «Тұрғын үй қарым-қатынасы туралы» Заңның 74-бабына сәйкес азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана барлық қажетті құжаттармен өтініш берілген сәттен бастап түзілген тізімдегі кезек тәртібімен ұсынылады. Мүгедек бала 18 жасқа толған кезде және 1 немесе 2 топтағы мүгедек санатына көшкен кезде баспана алу кезегін сақтау мақсатында мұндай кезекке қайтадан тұруына тура келеді.

Қазіргі уақытта баспана кезегінде тұрған мүгедектігі бар балалар 18 жасқа толғаннан кейін «1 және 2 топ мүгедегі» санаты бойынша жаңа кезекке қайтадан тұруға мәжбүр. Сол арқылы біз құрамында мүгедектігі бар отбасыларды баспанамен қамту мерзімін кейінге шегереміз.Егер бала 18 жасқа толғанға дейін баспана алып үлгермесе, онда сол бала кезекке қайтадан тұруына тура келеді.

Республикада мүгедектігі бар 97 мың бала бар. Ал баспана кезегінде тұрған мүгедек баласы бар отбасылардың саны алдын ала мәліметтерге қарағанда 20 мыңға жуықтайды.

Атап өтерлігі, кезек тізімін жергілікті атқарушы органдар түзеді. Бүгінде өкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспана бөлудің қолданыстағы тәртібіне өзгертулер енгізуде.

- Әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін қалай жеңілдетпек?

- Әлеуметтік қызметтер порталының түпкі мәні – мүгедекті бар адамдарға дербес таңдау жасау мүмкіндігін беру. Бұрынырақта мемлекеттік сатып алу арқылы тауарлардың дені сатып алынатын және барлық тауар қоймаған түсетін. Одан кейін мүгедектер өздеріне қажетті оңалту техникалық құралын алатын. Қазір портал тауарды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.Біз бағалаларды сәйкестендірдік. Ендігі уақытта порталда бағалар біркелкі десек те болады. Бұған қоса, мүгедекті бар адамдарға біршама қымбат тауарлардыда сатып алу мүмкіндігін беріп отырмыз. Бір бөлігін мемлекет, ал қалғанын мүгедек жанның өзі өтейді. Ең бастысы жеткізу мерзімін қысқарттық. Жыл сайын мемлекеттік сатып алу жарияланып, одан кейін процесс 40 күнге созылатын. Содан соң соттар басталып, процесс 6 айға дейін созылып кететін. Ал қазіргі уақытта ең ұзақ мерзім – 1 ай. Егер тауар елордада қалса, онда оны қоймадан алуға болады әрі оған тауарды бірден әкеліп береді.

Күрделі мәселелердің бірі – мүгедектерге арналған такси қызметі. Инватакси жетістейді. Оны таңертеңге тапсырыс беру үшін бір күн бұрын кешке өтінім беріп қою қажет. Ал оның қызмет көрсету саясатын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қабылдаған ережелермен регламенттеледі. Біз инватакси қызметінің портал арқылы көрсетілуін қалап отырмыз. Мүдектігі бар адамдар такси агрегаторын таңдайды. Мемлекет тарапынан лимит айқындалатын болады. Бұл да мүгедектігі бар жандарға инватакси қызметін біршама тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы қызметті енгізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Жобаны ілкі режимде елорда мен Алматы қаласында енгізу жоспарланып отыр. Түптеп келгенде порталды электронды дүкен десек те болады.

- Сұқбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар