Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге қашықтан жұмыс істеу тиімді ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің (МҚІА) бастамасымен «Мемлекеттік қызметшілердің қашықтан жұмыс істеуі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық конференция мемлекеттік қызмет саласындағы қашықтан жұмыс істеудің халықаралық және отандық тәжірибелерін пысықтау және тиімді ұсыныстарды әзірлеуге бағытталды. Шара барысында Грузия, Әзірбайжан елдерінің мемлекеттік қызмет саласындағы белгілі сарапшылары, АҚШ-тың корпоративтік сектор өкілдері, сонымен қатар отандық сарапшылар спикерлер ретінде сөз сөйледі.

Конференцияға қатысушылар шетелдік тәжірибені таныстыра отырып, қолданыстағы тәжірибе негізінде қашықтан жұмыс істеудің тиімді тұстары мен кемшіліктеріне, материалдық жауапкершілік пен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Қазіргі уақытта карантин енгізілген сәттен бастап, елімізде 70 пайызға жуық мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеуде. Конференция барысында пандемия жағдайында қызметкерлердің еңбек тәртібін сақтауын қадағалау мақсатында геолокация функцияның қолданылуы, яғни қызметкердің жұмыс уақытындағы орналасқан орнын (қозғалысын) қадағалау тәжірибесі атап өтілді.

МҚІА Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов облыстың 1200 мемлекеттік қызметшісі арасында қашықтан жұмыс істеу туралы жүргізілген сауалнама қорытындысымен бөлісті.

«Сауалнамаға қатысқан мемлекеттік қызметшілердің 77 пайызы қашықтан жұмыс істеу барысында өзін-өзі дамытуға уақытының көбейгенін алға тартса, 57% шығармашылық және интелектуалдық мүмкіндіктері мен қабілеттерінің артқанын байқаған. Респонденттердің 16 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге кішкентай балаларының, ал 5 пайызы өзге отбасы мүшелерінің кедергі келтіретінін көрсетсе, 15 пайызы өзін-өзі қолға алудың қиындағанын атап өткен. Мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелерінің 92 пайызы қашықтан жұмыс істеуге «өте жақсы» және «жақсы» деген баға берген. Алайда, мемлекеттік қызметшілердің бұл мәселеге қатысты өз көзқарасы әрқилы. Үйден отырып жұмыс істеудің қолайлылығын мемлекеттік қызметшілердің 57 пайызы қолдап отыр», - деді ол.

Мамандардың пайымынша, қашықтан жұмыс істеу мемлекеттің шығындарын да қысқартуға, оның ішінде электр энергиясын үнемдеу, байланыс құралдары мен кеңсе техникасына жұмсалатын шығындардың азаюына септігін тигізіп отырғандығы белгілі болды. Конференцияда жаһандану мен ақпараттық-байланыс жүйелерінің дамуы кезеңіндегі қазіргі заман ағымының талабына сай келетін жұмыспен қамтудың ыңғайлы жаңа түрлерінің қажеттілігі баяндалды.


Соңғы жаңалықтар