Қазақстанда машина жасау өндірісі артып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 8 айында елімізде машина жасау өндірісінің көлемі 18 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары машина жасау саласында тұрақты өсім байқалады. 2018 жылдың қорытындысына машина жасау өндірісінің көлемі алғаш рет 1 трлн теңгелік межені еңсерді. 2019 жылы да жоғары динамика сақталып отыр. 8 айдың қорытындысында машина жасау өндірісінің көлемі өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 18 пайыз өсім көрсетті», - деді ол.

Вице-министр дерегінше, Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санаттары құрастырылады.
«Елімізде автомобильдің 167 моделі, оның ішінде 39 жеңіл көлік, 22 әлемдік бренд құрастырылады. 10 жылдың ішінде автомобиль жасау Қазақстанның машина жасау саласындағы драйверлердің біріне айналды», - деді А.Ержанов.
Оның айтуынша, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарының ішінде машина жасау саласында жалпы сомасы 276 млрд теңгені құрайтын 114 жоба жүзеге асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылған. Локомотив, трансформатор, коммуналдық жабдықтар, оптикалық құралдар сынды жаңа өнімдер шығарыла бастады. «Мұның барлығы да мемлекеттің табысты өнеркәсіптік саясатының арқасында жасалып жатыр», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар