Қазақстанда IT мамандарға арналған сертификаттау орталықтары ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов цирфландырудың білім беру үрдісін қалайша оңтайландырып, жақсартатынын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат, министрдің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.

Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, білім және ғылым министрімен кездесу бейресми түрде өткен. Кездесудің негізгі мақсаты ұсыныстарды айтып, БҒМ тарапын тыңдау және білім беруді цифрландырудағы проблемалардың шешімін анықтау болған.

«Біріншіден, АТ саласының дамуы цифрлық трансформациямен тікелей байланысты. ҚР БҒМ-мен бірлесіп, білім беру үдерісіне отандық АТ-шешімдерін кедергісіз енгізу мақсатында жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі. Осы тұрғыда Асхат Қанатұлы менен цифрлық шешімдерді топтастыруды сұрады. Мен өз кезегімде, АТ компанияларын ұсыныстарымен бізбен белсенді түрде жұмыс жасауға шақырамын», - деді министр.

АТ бойынша кәсіби стандарттарды өзектендіру және білім беру бағдарламаларының тізімін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Олар нарық талаптарына сай болуы тиіс.

«Бүкіл саланың тағдыры АТ кадрларын даярлау сапасына байланысты екенін атап өткім келеді. Мұнайсыз бензин ала алмаймыз, сол секілді сапалы білімсіз білікті мамандар да болмайды», - деп өтті ведомство басшысы.

«Екіншіден, АТ-мамандары үшін Сертификаттау орталықтарын ашу туралы шешім қабылданды. Шетелдік баламалардан бірнеше есе арзан сапалы орталықтар ЖОО түлектерін тексеріп отырады. Қандай жоғары оқу орындарының нарыққа білікті мамандарды ұсынуға дайын екендігін анықтау қажет. Сонымен қатар студенттерді немқұрайлы оқытатындардан лицензия алуды қарастырамыз, өйткені оқу орындарының мұндай әрекетіне жол берілмеу керек. Түлектер сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Түпкі нәтиже – нарыққа сапалы АТ-мамандарды «даярлау», - деп қосты Бағдат Мусин.

Үшіншіден, 2022 жылдан бастап АТ мамандықтарына түсетін түлектер физиканың орнына информатика тапсыратын болады.

«Төртіншіден, қашықтан білім беру мәселесін талқыладық. Біздің платформалар індет кезінде көмекші болды. Бірақ біз білім беруді дербестеуге әкелетін келесі қадамдар туралы келістік. Міндетті түрде мұғалімді емес, оқушыны жүйемен басқару алгоритмдері қолданылуы тиіс. Жүйенің өзі мұғалімге де, оқушыға да білімді қай бағытта күшейту керектігін және неге баса назар аудару керектігін айтады. Қарапайым сөзбен айтқанда: егер сіз бөлшектерді игермеген болсаңыз, логарифмдерді қалай үйренесіз? Жүйе оқушыны жетелеп, мұғалімді хабардар етуі тиіс. Бұл мұғалімдердің жұмысын автоматтандырады, оларға тәлімгерлік етуге уақыт бөледі», - деп түсіндірді министр.

Бесіншіден, жыл сайын АТ мамандарын даярлайтын барлық 84 ЖОО-ға талдау жүргізіледі. Мұндай талдау ҚР БҒМ-ға қажет болған жағдайда тиісті тексеру жүргізуге мүмкіндік береді.

«Алтыншыдан, ҚР БҒМ Қазақстанның жетекші компанияларына қамқорлық ете алатын 5-10 жоғары оқу орнынан АТ факультеттерді белгілейді. Компаниялардың да ЖОО білім беру үдерісіне тікелей қатысуы, олардың саясатын айқындауы және білім беру бағдарламасы мен тағылымдамаларына көмектесуі маңызды. Қаржылық қолдау да жоққа шығарылмайды. АТ саласында практикалық білім мен тәлімгерлік маңызды», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар