Қазақстанда ICOM аясындағы жұмыстар жаңғыртылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық музейінде «Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитеті» заңды тұлғалар бірлестігінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ICOM-да (Халықаралық музейлер кеңесінің) жүрген шетелдік азаматтар ЮНЕСКО-да кездескен кезде біздің комитеттің жұмысы жайында сұрап жүреді. Атап айтқанда, бұл бағыттағы ынтымақтастық шараларына қызығушылық бар. Осы орайда ICOM-дағы қазақстандық комитететтің жұмысын жаңғырту мақсатын қойып отырмыз», - деді «Халықаралық музейлер кеңесінің қазақстандық комитеті» ЗТБ президенті, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Армаз Нұразхан.

Ол аталған ұйымға басшылық етуіне кандидатурасын қолдағаны үшін отырысқа қатысушыларға алғысын айтып, алдағы жұмыстарды сапалы іске асыру үшін күш-жігерін салуға уәде етті.

«ICOM -ның қазақстандық құрылтайшылары отырысының басты мақсаты – қазақстандық комитет жұмысын жаңғырту және халықаралық аренаға шығу», - деді А. Нұразхан.

Отырыс барысында Қазақстан ICOM жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, сондай-ақ 2020 жылға ICOM жұмысының жоспары бекітілді.

Айта кетейік, Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) 1946 жылы құрылды. Оның құрамында 141 елден 40 мыңнан астам мүше тіркелген. Сонымен қатар, аталған ұйымда 119 ұлттық комитет пен 30 халықаралық комитет қамтылған. Бүгінде оның аясында музей саласындағы білікті мамандардың бірегей желісі қалыптасқан.

Соңғы жаңалықтар