Қазақстанда газ баллоны қауіпсіздігін сақтамағандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде тұрмыстық газ баллонын толтыру, қолдану қауіпсіздігін сақтамаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылмақ. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Мереке Пішембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің министрліктің құзыретіне өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі кіреді. Нысандарды тексергенде соған мән береміз. Осы орайда біздің өңірлердегі департамент газ баллонын толтыру қызметінің заңды орындалуына тексеріс жүргізеді. Ондағы ескі, жарамсыз газ баллондарын істен шығарды. Тұрмыстық газ баллонына қатысты басты проблема оны автогаз құю бекетінде толтыру. Бұл заңсыз әрекет және сонымен күресуіміз керек. Себебі газ баллонын толтырғанда сақталуы тиіс нормалары бар. Газ баллоны тиісті нормаға сай толтырылмаған соң, ол адамзат үшін қауіпті», - деді Мереке Пішембаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, газ баллоны жарылу салдарынан болатын төтенше жағдайдың дені - оның дұрыс толтырылмауынан туындайды.

«Өткен аптада газды қолдану қауіпсіздігіне арналған ведомствоаралық жиын өтті. Сол жиында біраз дүние ортаға салынды. Біз өз тарапымыздан газ өндіру ісінде отандық өндірушілерді қолдау туралы ұсыныс білдірдік. Себебі біз қолданатын газ баллоны сырттан жеткізіледі. Әрине, жауапкершілікті де күшейту қажет. Осыған дейін газ баллонын автогаз құю бекетінде толтыру заңсыз екені айтылды. Ол үшін жауапкершілікте бар. Дегенмен жазаңды қатаңдату қажет, осы орайда қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отырмыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар