Қазақстанда ғарыш саласының мамандарын даярлайтын жаңа орталық құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Бәйтерек» кешеніне қажетті ғарыш саласы мамандарын даярлайтын орталық құрылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану бойынша қазақстандық-ресейлік бірінші жоба болып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанға ғарыш аппараттарын өндіруден, ұшыруға дейін толық технологиялық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Отандық ғарыш саласын дамыту білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауды қажет етеді. Осы орайда ғарыш саласында білікті ұлттық кадрларды даярлаудың орталығы құрылды ма?», - деп сұрады депутат Абай Тасболатов.

Өз кезегінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бүгінде қажетті мамандар дарлықтан өтіп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанда бес ЖОО ғарыш саласы үшін тиісті мамандарды даярлауда. «Бәйтерекке» тоқталсақ, біз Байқоңырда тікелей дайындықтан өтетін мамандарды пайдалануды ескеріп отырмыз. Мәскеу авиациялық институтының факультеті бар. Біз олармен бірге жұмыс істеудеміз, аталған жоғары оқу орнында 200-ге жуық қызметкерді даярлаудамыз. Бұл студенттер дайындықтан өткеннен кейін, «Бәйтеректе» жұмыс істей алады», - деді А. Жұмағалиев.

Сонымен қатар ведомство басшысы мамандарды даярлау орталығы қашан құрылатынын нақтылады.

«Сіз атап өткен орталық міндетті түрде құрылатын болады. Онда біздің қызметкерлерді оқытып, біліктілігін көтереміз. Екіншіден, осы орталықта оқытушылар ретінде ресейлік әріптестерімізді де шақырамыз. Орталықты 2021 жылы құрамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар