Қазақстанда фармацевтика саласында өндіріс көлемі артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, елімізде фармацевтика саласында өндіріс көлемінің өскенін атап өткен жөн. 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң серпін көрсетті, бұл ретте фармацевтикалық өнімнің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 124% құрайды. Биылғы қаңтар-сәуір айларында фармацевтикалық өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5% өсті», - деді Ажар Ғиният Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, бұл өсім «Химфарм» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС өндірістік алаңдарында дәрі өндірісі көлемінің өсуімен байланысты болды.

«Қазақстанда фармацевтика өнеркәсібі мемлекеттік қолдаудың арқасында тиімді инвестицияның үлкен әлеуетіне ие болды. Осылайша, отандық тауар өндірушілермен мемлекеттік қолдаудың арқасында 10 жылға ұзақмерзімді шарттар жасалды және ол сатып алу үлесін ақшалай мәнде 2010 жылы 15%-дан 2021 жылы 41%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі отандық өндірушілерге қолдау көрсету үшін бірқатар шара қабылдады: пандемия кезінде отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізу және отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тіркеу сараптамасы жеделдетілді; ұзақмерзімді шарттар жасасуға өнім берушілерді іріктеу өлшемшарттары қайта қаралды; ұзақмерзімді шарттарды орындауға мониторинг жүргізіледі», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Бірыңғай дистрибьютор 37 отандық тауар өндірушімен 5 мыңнан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды (811 дәрілік зат және 4 196 медициналық бұйым) жеткізуге 96 ұзақмерзімді шарт жасады.

Оның ішінде дәрілік заттарға - 43, медициналық бұйымдарға - 53 ұзақмерзімді шарт жасады.

«Қазіргі уақытта жасалған шарттар шеңберінде 37 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Оның ішінде 127 млрд теңгеге дәрілік заттар бойынша 12 жоба, 34 млрд теңге сомасына медициналық бұйымдар бойынша 23 жоба бар. Фармацевтика кәсіпорындары негізінен Алматы, Қарағанды облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында шоғырланған», - деді Ажар Ғиният.


Соңғы жаңалықтар