Қазақстанда электр энергиясына тарифтерді саралауды жою ұсынылды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов электр энергиясын көтерме және бөлшек саудада өткізу нарықтарында бәсекелестікті дамыту қадамдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл бағытта не ұсынылады? Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада 2025 жылға қарай 30%-ға дейінгі көлемде орталықтандырылған сауда-саттыққа көшу көзделген. Бұл жаңа жабдықтау ұйымдарының пайда болуын және станция ресурстарына қол жеткізу есебінен тігінен интеграцияланған компаниялардың өңірлік нарықтарға өзара кіруін қамтамасыз етеді. Басқа мәселе – ол тарифтерді ұстап тұру саясаты оларды саралаудың артуына әкелді. Реттеуші негізгі әлеуметтік жүктемені шағын және орта бизнеске жүктеді, себебі ірі бизнес тікелей жұмыс істейді. Бюджеттік ұйымдар үшін тарифтер арқылы бюджет үлкен шығындарды көтереді. Тарифтерді саралауды жою жабдықтаушы компаниялар арасындағы бәсекелестік үшін міндетті шарт қана емес, сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау деңгейін, оның атаулылығын арттыру болып саналады», - деді Р. Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, нарықты монополиясыздандыру бойынша шаралар қажет. Бұл - реттелетін нарық көлемін кезең-кезеңімен төмендете отырып, орталықтандырылған сауда-саттық көлемінің ұлғаюы. Бюджетке түсетін жүктемені азайту есебінен атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайта отырып, тарифтерді саралауды жою ескерілуі керек.

«Сондай-ақ бағаларды салыстыруды және шарттар жасасуды қамтамасыз ететін желілік платформаларды дамыта отырып, электр энергиясын жеткізушілерді ауыстыру тетігін құру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру маңызды», - деді агенттік өкілі.

Бұған дейін Р. Ахметов еліміздегі электр энергиясы нарығындағы кемшіліктерді атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар