Қазақстанда денсаулыққа күшті әсер ететін заттарға қатысты жаңа заң әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде адам денсаулығына күшті әсер ететін заттардың айналымына қатысты жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Жаңа заңға сәйкес жауапкершілік күшейтілмек.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, полиция полковнигі Ерлан Омарбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде біз Сенатпен бірлесіп күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті көздейтін заң жобасын әзірлеуге кірістік. Мақсат - әсері күшті химиялық заттарды медициналық емес тұрғыда қолданып, таратып және сақтаған жағдайда жауапкершілікті күшейту. Бұл мәселе ел аумағында еркін сатылып жатқан кейбір дәрі-дәрмектерге де қатысты болып отыр. Оған жасөспірімдердің психоактивті заттар әуес болуы да себеп болып отыр. Соның бірі трамадол, бұл рецепт бойынша сатылатын дәрі-дәрмек, оның құрамында синтетикалық опиоидты анальгетик бар. Басқаша айтқанда, трамадол жасөспірімдерді нашақорлыққа бастайтын алғашқы саты десекте болады. Сондықтанда аталған факт алаңдаушылық тудырып отыр», - деді Ерлан Омарбеков.

Сондай-ақ, спикер аталған дәріден бөлек, жасөспірімдер құмартатын басқа да препараттардың барын айтты.

«Адам өмірі мен денсаулығына зиянды ықпал әрі күшті әсер ететін заттардың тізбесі Үкіметтің 2021 жылғы 10 маусымдағы № 396 қаулысымен бекітілген. Оны елге әкелу және қолдануды тек қана денсаулық сақтау органдары жүзеге асырады. Осы орайда адамды есеңгіртіп, соңы тәуелділікке әкелетін химиялық және медициналық заттарға қатысты жауапкершілікті күшейту кезек күттірмейтін мәселе. Және ол үшін қылмыстық жаза қарастырылғанын ескерткіміз келеді», - дейді ол.

Бұған дейін ІІМ-нің өкілі елімізде есірткіні интернет арқылы насихаттап немесе сатқаны үшін қандай жаза қарастырылғанын айтып берді.



Соңғы жаңалықтар