Қазақстанда чартерлік рейстерге талап күшейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев чартерлік рейстерге қойылатын талаптарды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Чартерлік рейс туралы көп сұрақ түсіп жатыр. Бұрын чартерлік рейстер «Қазаэронавинацияға» ұсыныс жазып ұша беретін, қазір оған да талапты күшейттік. Енді олар өз еркімен жүре алмайды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хат жібереді. Одан әрі санитарлық-эпидемиялық қызметке жолаушылар саны мен азаматтығы туралы тізім жіберіледі. Рұқсат берілсе, сол тізім арқылы ғана Қазақстанға кіре алады», - деді Қ. Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, отандастарымызды шетелден қайтару мәселесімен ҚР Сыртқы істер министрлігі айналысады.

«Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды қай жерден алып кету туралы сұраным берсе, біздің әуе компаниялары оларды жеткізуге дайын. Мысалы, ертең Ыстанбұлдан және Делиден тікелей екі рейс арқылы қазақстандықтар келеді», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Министрлік мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың 18 наурызынан бастап ҚР Президентінің тапсырмасымен Қазақстанның 7702 азаматы елге жеткізілген.

Айта кетейік, Қазақстанда 97 халықаралық, 45 ішкі бағыттағы әуе рейстері тоқтап тұр.


Соңғы жаңалықтар