Қазақстанда бензин қымбаттай ма – ҰЭМ жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин акциздің көтерілуіне байланысты Қазақстанда бензин қаншалықты қымбаттайтынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда бензин бағасының акцизі 8 теңге, бензинің литрі 150 теңге болып тұр. Біз акциз ставкасын 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге арттырдық. Осыдан барып, бензин литрі 10 теңгеге көтеріледі. Яғни, акциз 8-ден 18 теңгеге көтерілді. Осылайша, баға шамамен 8 пайызға – 150-теңгеден 160 теңгеге көтеріледі. Бірақ, бұл ретте акциздің бағаны реттеуші жалғыз фактор емес екенін ескеру керек», - деді Азамат Әмрин Үкімет отырысында.

Ол нарықтық экономика жағдайында сұраныс пен ұсыныстың бар екенін түсіндірді.

«Менің ойымша, баға тікелей 10 теңгеге көтерілмейді. Мәселен, 2015 жылы біз бағаны 4,5 мың теңгеден бүгінгі 10,5 мың теңгеге көтерген болатынбыз. Ал 2015 жылы бензин бағасы көтерілмеді», - деді спикер.

Алайда бұл өзгерістердің инфляцияға әсер етері анық.

«Біз инфляцияға ықпал ететін әсерді талдап көрдік. Тұтыну бағаларының индексі тауарлардың 500 түрімен есептелетінін білесіздер. Олардың үшеуі АИ-93, АИ-95, АИ-98 бензиндері. Олардың үлесі - 0,6 пайызды құрайды. Осыған байланысты инфляцияға сайып келгенде 0,35 пайыздық әсер болады. Яғни, дәл Ұлттық банк болжаған 4-6 пайыздық деңгейден аспайды. Қаулы жобасы мемлекеттік органдардың мақұлдауына жолданды. Салалық мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін шешім Үкімет отырысына жіберіледі. Онда нақты шешім қабылданады», - деді министрлік өкілі.

Соңғы жаңалықтар