Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады – шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып саналады. ҚазАқпарат агенттігі елімізде балалардың құқықтары мен мүдделері қалай қорғалатыны туралы шолу ұсынады.

Қазақстан заңнамасында алғаш рет кәмелетке дейінгі балалардың құқықтарына арналған нормалар «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңында қабылданды. Бұл Заң қабылданғанша балалардың құқықтары ата-аналар мен балалардың құқықтық қатынастары призмасында қарастырылып келді. Бұл ретте балалар өз қабілетсіздігіне байланысты дербес құқық иесі емес, ата-аналар қамқорлығының пассивті объектілері ретінде көрінетін. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарына арналған жеке тарауды заңға енгізу бұл тәсілден арылуға көмектесті.

2002 жылы 8 тамызда елімізде «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» Заң қабылданды, ол ҚР Конституциясында кепілдік берілген баланың негізгі құқықтары мен мүдделерін іске асырудағы қатынастарды реттейді.

Бұл заңда балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясат мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері жазылды. Баланың отбасындағы қарым-қатынасына, бала мен қоғамға, мүгедек баланың құқықтарына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына бөлек тараулар арналған.

Сонымен, мемлекеттік саясаттың балалар мүддесі үшін негізгі мақсаттары мынадай:

1) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу;

2) олардың құқықтары бұзылған жағдайда қалпына келтіру;

3) бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздерін қалыптастыру;

4) балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани және өнегелік жағынан дамуына жәрдемдесу.

Баланың қандай құқықтары бар

Баланың өмір сүруге құқығы, қорғалуға құқығы, денсаулығын сақтауға, баспанаға, білім алуға құқығы, жеке даралыққа және оны сақтауға және мемлекеттік көмек алуға құқығы бар.

Сонымен бірге, баланың негізгі құқықтарынан кейін төмендегі құқықтар айқындалған:

* отбасында тұруға және тәрбиеленуге;

* өз ата-анасының кім екенін білуге;

* олармен бірге тұруға (бұл оның мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда), олардың тарапынан көрсетілетін қамқорлыққа;

* ата-ананың тәрбиесіне, олар болмаған жағдайда немесе ата-ана құқығынан айырылса – қамқоршының немесе балалар мекемесінің тәрбиесіне;

* жан-жақты дамуға;

* адамның қадір-қасиетін құрметтеуге;

* ата-аналармен, ата-әжелермен, бауырларымен және өзге де туыстарымен байланыс орнатуға;

* өз пікірін білдіруге;

* тегін, атын, әкесінің атын алуға;

* өмір сүруге және өз кірістеріне қаражат алуға.

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің айтуынша, Қазақстандағы баланың кейбір негізгі құқықтары бұзылған. Оның себебі жетілмеген заңнамада емес – мұнда бәрі анық жазылған, заңнаманың жергілікті жерлерде орындалуында.

Денсаулықты қорғау құқығы

«2019 жылдың тамыз айынан бастап маған 667 өтініш келіп түсті, оның 113-і – 2021 жылы түскен. ... Олар маған түрлі себептермен жүгінеді. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалардың медициналық көмек пен дәрі-дәрмек алуға қатысты құқықтары, әлеуметтік көмек, білім беру, қорғаншылық пен қамқоршылық, алименттер, спорт пен өнер үйірмелерінің қолжетімсіздігі, құжаттандыру және басқа да проблемалар бойынша бала құқықтары бұзылады», - деді Аружан Саин Strategy2050.kz порталына берген сұхбатында.

Ол балалардың құқықтары жаппай бұзылатын, олардың шешімі мемлекеттік деңгейде терең жүйелі өзгерістерді талап ететін бірқатар проблемалық бағыттарды атап өтті.

«Мүлдем түсініксіз жоспарлау, талдамалық зерттеулердің болмауы, дұрыс құрылмаған процестер және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың болмауы орасан зор негативті салдарға әкеп соғады. Мысалы, елімізде мүгедектікті ерте анықтау, ерте араласу және оңалту жүйесі жұмыс істесе, қажетті медициналық скринингтер, диагностика және емдеу жүргізілсе, мүгедектігі бар балалар мен ересектер бірнеше есе аз болар еді», - деп түсіндірді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Оның айтуынша, елімізде нашар көретін, зағип, нашар еститін және саңырау балалардың мүгедектігінің алдын алу жағдайлары өте нашар. Перинаталдық орталықтар мен емханалар осы аурулардың ерте скринингіне қажетті жабдықтармен небәрі 15-30%-ға жабдықталған. Бірқатар мекемелерде жабдықтар болғанымен, қажетті мамандар жоқ.

«Осылайша, стандарттар бойынша балаларға скрининг жүргізілуі керек, ал іс жүзінде жүргізілмейді. Алайда, мекемелерге барлық балаларға скрининг жасалды деп 100% ақы төленеді, өйткені олар босану мен алғашқы медициналық-санитарлық көмектегі «тарифке» кіреді. Демек, ақша толығымен өтеледі, ал скринингтер балалардың өте аз бөлігінде жасалады. Денсаулықтағы ақауды дер кезінде анықтаса, бала өмірдің алғашқы күндерінде көзге ота жасалса немесе 6-12 айында есту протезін орнатса, біз дені сау немесе барынша функционалды түрде емделген баланың тағдырын, өмір сүру сапасын сақтап қалар едік. Бұл баланың болашағына деген сенім, ол көре алады немесе естиді, сәйкесінше оқиды, жұмыс істейді, отбасын құрады, толыққанды өмір сүреді. Бұл баланың да өмірін жеңілдетеді, мемлекет те жәрдемақы төлеуге, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге, түрлі мемлекеттік әлеуметтік қызметтерге миллиардтаған қаражат жұмсауға мәжбүр болмайды», - деді А. Саин.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысының 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысындағы тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан халқына» қоры арқылы орфандық аурулары бар балаларға қатысты жағдай жақсаратынын айтты. Президент бұл қордың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысатынын айтты. Мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек көрсетіледі. Қ. Тоқаев атап өткендей, көптеген отбасылар емделуге кететін шығындарды көтере алмайды.

Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражатынан орфандық аурулары бар балаларды емдеуге арналған болжамды шығындардың есебі мен дәрілік заттардың тізбесі бойынша ұсыныстар енгізеді.

«Балалардың денсаулығын сақтау саласында сирек (орфандық) және ауыр аурулары бар балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті болып табылады. Әлемдегі ешбір ел өте жоғары шығындарды ескере отырып, барлық орфандық ауруларды толық қаржыландырмайды. Сондықтан да, Қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыс жалғасуда», - деді Ажар Ғиният Үкіметтің 12 қаңтарда өткен алғашқы отырысында.

Қорғау құқығы

ҚР ІІМ мәліметінше, соңғы жылдары балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар саны күрт өсті. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Балалардың құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы заңнаманы қатаңдатуды тапсырды. 2019 жылы 27 желтоқсанда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл арқылы Қылмыстық кодекстің 120 «Зорлау» және 121 «Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық» баптары бойынша жауапкершілік күшейтілді. Олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен тағы да орта санаттан ауыр санатқа ауысырылды.

Ал жас балаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе баламасыз өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілікті көздейді. Жас балаларды өлтіргені үшін де осындай жаза қарастырылған.

Мұндай істердің бір санаттан екінші санатқа ауысуы еш татуласу көзделмейтінін де білдіреді. Айта кетейік, ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, бұрын зорлау қылмысы ауырлығы орташа санатта болған және істердің жартысынан көбі татуласуға байланысты сотқа жетпеген, ал ымыраға келуде көбінесе жәбірленушілерге қысым көрсетіліп отырған.

Одан бөлек, педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырып қалғаны және бұрмалағаны үшін (ҚК 416, 432, 434-баптары) бас бостандығынан айырудың ең ұзақ мерзімі – 6 жыл болып бекітілді.

Нәтижесінде, ҚР Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, Президенттің жазаны қатайту туралы тапсырмасынан бір жыл өткен соң, елімізде жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарының саны 30%-ға азайды, ал жазаны қатаңдатудың өзі мұндай әрекеттерді жасаудың алдын алды.

Өзін-өзі дамыту құқығы

Мемлекет басшысы балалардың интеллектуалды дамуы жөнінде «Жақсы мұғалімдерсіз білімді қоғам шығару мүмкін емес» деп айтқан еді.

«Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басымдық болып табылады. Бұл – бүкіл қоғамның дамуындағы маңызды фактор. Біз мектептерді материалдық жағынан қаншалықты қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын көтеру мүмкін емес», - деп атап өтті Президент 2022 жылғы 11 қаңтарда депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін қолдау шараларының тиісті пакетімен бірге үздік педагогтерді тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Еске сала кетсек, 2019 жылы Президент қазақстандық мұғалімдердің жалақысын төрт жыл ішінде екі есеге көтеруді тапсырған болатын. Биыл 1 қаңтардан бастап балабақша, мектеп және колледж педагогтарының жалақысы 25%-ға өсті. Білім және ғылым министрлігіне қарасты ЖОО оқытушыларының жалақысы 2019 жылдың қыркүйегінде 20%-ға, 2020 жылдың қыркүйегінде тағы 20%-ға артты.

Сонымен бірге Президент «Қазақстан халқына» жаңа қоғамдық әлеуметтік Қоры денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысатынын атап өтті.

«Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балаларға арналған спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұқаралық балалар спорты

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық балалар спортын дамытуды тапсырған еді. Президенттің пікірінше, Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту балаларға интернетте азырақ уақыт өткізуге мүмкіндік береді.

2021 жылдың 1 мамырынан бастап елімізде балалардың бұқаралық спорты мен шығармашылығын дамыту үшін жан басына қаржыландыру енгізілді. Нәтижесінде, бүгінде 500 мыңнан астам бала спорттық және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады.

Әлеуметтік осал балаларға арналған квоталар

2021 жылы Қазақстанда жаңа оқу жылына білім гранттарын бөлу кезінде алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтары үшін квоталар қарастырылды. Бұған дейін квоталар тек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедектерге берілетін. 2021 жылдан бастап үш жаңа квота қосылды.

Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп бала тәрбиеленетін отбасы балаларына гранттардың жалпы санының 5%-ы, соңғы үш жылда толық емес отбасында өскен балаларға -1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балаларына білім беру гранттарының 1%-ы көзделген. Квоталар ҰБТ тапсыру кезінде шекті балл жинау шартымен беріледі.

ҚР БҒМ мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру басқармасының мәліметінше, 2021 жылы көпбалалы отбасылардан шыққан 3,5 мыңнан астам бала грант иегері атанды, толық емес отбасылардан – 1000 адам және ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленетін отбасылардан – 300-ден астам бала грант иеленген. Сондай-ақ, жетім балалар арасында 400-ге жуық адам, 2021 жылы 300-ге жуық адам грант алған. Қазіргі уақытта олар жоғарғы оқу орындарында оқиды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2022 жылды Қазақстанда «Балалар жылы» деп жариялаған болатын.

«Балалар - мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Соңғы жаңалықтар