Қазақстанда аймақтық зерттеу орталықтары жоқ - Алуа Жолдыбалина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина Қазақстанда аймақтық зерттеу орталықтарын ашу керектігін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы бүгінгі талқылау барысында мынадай үш мәселеге тоқтала кеткім келіп тұр. Біріншіден бүгін де біз назар аудармайтын бір мәселе бар. Ол – халықтың шағымдары мен сұраулары. Қазір халық белсенді түрде барлық мемлекеттік органға шағым жазады. Бүкіл Қазақстан бойынша жергілікті жерге түсетін, құзырлы органдар мен Парламентке, барлық мемлекеттік органға түсетін шағымдарды жинап, талдауға тырыстық. Ол шағымдар айналып келгенде аймақтардағы өзекті мәселелерден хабар береді», - деді сарапшы Еуразиялық интеграция институтындағы «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: талдамалық зерделеу» атты сараптамалық баяндаманың таныстырылымында.

Сарапшы кейінгі бес жылда азаматтардан түскен шағымдар статистикасы нені көрсететінін баян етті.

«Бізде кейінгі бес жылда Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа, Президент Әкімшілігіне, Адам құқықтары жөніндегі омбудсменге түсетін шағымдар көбейіп келеді. Ал жергілікті жерде түсетін арыздар азайып кеткен. Ол нені білдіреді? Яғни жергілікті жерде мәселесін шеше алмаған азамат «жоғары» жаққа барады. Мысалы Адам құқықтары жөніндегі омбудсменмен сөйлескенімізде ол кісі бізге «азаматтар менің құзырыма кірмейтін мәселелермен жүгінеді» дейді. Яғни бұл ретте проблемалардың қордаланып қалғанын байқаймыз. Сондықтан менің ойымша, Ұлттық кеңеске көмек ретінде барлық шағымдарды жинап, өзекті мәселелердің иерархиясын жасап, аймақтарда Президент Әкімшілігінің аймақтық бір бөлімшесін ашсақ жақсы болар еді», - дейді сарапшы.

Алуа Жолдыбалина сондай-ақ Қазақстанда өкінішке қарай қазіргі таңда аймақтық зерттеу орталықтары жоқтығын алға тартты.

«Қазақстанда облыстар мен ірі қалалар бар. Облыстардағы бір проблема екіншісіне ұқсамауы мүмкін. Сондықтан әрбір аймақ бойынша әлеуметтік, экономикалық әрі идеологиялық, кешенді зерттеу жүргізу – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Яғни біз аймақтардың бәрінің толық сипаттамасын бермейінше қоғамдағы мәселелерді түсінбеуіміз ықтимал», - деді ол.


Фото: kisi.kz
Соңғы жаңалықтар