Қазақстанда айлығы аз салалар қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов елдегі жұмысшылары ең төмен айлық алатын салаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш орталық мамандары БАҚ өкілдеріне «Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа жағдайдағы даму» атты тұңғыш ұлттық баяндамасын дайындаған болатын. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен дайындалған баяндамада әлемнің соның ішінде Қазақстанның еңбек нарғында болып жатқан трендтер мен тәуекелдерге талдау жасалған.

«Жасанды интеллект енгізудің арқасында дамыған елдерде алдағы 15 жылда жұмыс күші өнімділігі 40%-ға дейінгі өсуі мүмкін. Ал Қазақстанда жұмыс орындарының 52%-ы, Экономикалық ынтамақтастық және даму ұйымының елдерінде орташа есеппен 47%-ы автоматтандырудың жоғары немесе елеулі тəуекеліне ұшырайды», - деді Дәулет Арғындықов.

Ол бұл құбылысты ХХ ғасырдың басында өнеркәсіп революциясымен салыстырып, мұндай тәуекелдердің артында жаңа мүмкіндіктер тұратынын еске салды.

«Яғни, технологиялар ескіріп, бір мамандықтарды жойғанымен, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Бірақ ол жұмыс орындарында әлдеқайда қабілеті жоғары адамдар қажет болады. Бұл көп адамға қазіргі біліктіліктерін қайта қарап, сұранысқа ие жаңа кәсіптерді игеру керек деген сөз. Әсіресе когнитивтік, əлеуметтік-мінез-құлық жəне сандық дағдылар бірінші орынға шығады», - деген орталық басшысы «адамдар өмір бойы оқып өтетін заман келе жатыр» деген аңыздың бүгіне шындыққа айналғанын атап өтті.

«Еңбектеген бала кезінен еңкейген қартқа айналғанша қабілетін жаңартып, оқып отырмаса, адамдар еңбек жолында дами алмайтын кезең туып келеді. Бұл істе онлайн оқытудың маңызы артады. Еңбек ресрусртарын дамыту орталығы шілде айында «Электронды еңбек биржасының» базасында қашықтан оқыту платформасын іске қосқан. Бүгінде ол платформада 70 курс бар. Оның 42-сі ақысы, 28-і ақылы», - деді ол.

Дәулет Арғындықов жұмысшыларына ең төмен айлық беріп отырған салаларды да атады.

«Ең төмен айлық еңбек өнімділігі төмен салаларда тіркеліп отыр. Бұл: ауыл шаруашылығы, сауда, тамақтандыру және қонақүй қызметі. Бұл салалар тартылған инвестиция көлемі бойынша да артта. Соның салдарынан технология мен адам капиталының дамуы баяу», - деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті.


Соңғы жаңалықтар