Қазақстанда әуе билеттерін арзандату үшін қандай шаралар жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында отандық авиакомпаниялар ішкі маршруттар бойынша эконом-класты авиабилеттің орташа құнын шамамен 13,6%-ға төмендетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

«Билет құнын арзандату үшін министрлік «ашық аспан» режимін енгізу, Түркістан қаласының әуежайын ашу және отандық төмен бюджеттік «Fly Arystan» әуекомпаниясын іске қосу сияқты бірқатар шара атқарды. Бұл әуе көлігіндегі бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді, нәтижесінде әуе билеттері тарифтерінің төмендеуіне көмектеседі. Іске қосылған сәттен бастап, «Fly Arystan» шамамен 3,3 млн билет сатты, оның ішінде 50%-ға жуығы ең төменгі тариф бойынша 10 мың теңгеден төмен сатылған. «Fly Arystan» әуекомпаниясының тарифтері бір бағытқа қарай 4999 теңгеден басталады», - деп жазылған ҚР ИИДМ хабарламасында.

Сонымен бірге, 2020 жылы Түркістан қаласының жаңа әуежайы іске қосылған. Қазіргі уақытта Түркістаннан Нұр-Сұлтан (7), Алматы (4), Атырау (2) қалаларына аптасына 13 рейс орындалып жатыр. Сондай-ақ, Ыстанбұлға аптасына 2 рет халықаралық рейс жасалады және мамырдың екінші жартысынан бастап, аптасына 4 рет ұлғайту жоспарлануда. Сонымен бірге, Бішкек пен Ташкентке тұрақты рейстер ашу көзделген.

2019 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанның 11 әуежайында «ашық аспан» режимін енгізу де әуе билеттерінің құнын төмендетуге бағытталған. Бұл режим рейстер саны бойынша барлық шектеулерді алып тастауды және шетелдік авиакомпанияларға «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін беруді көздейді. Түркістан қаласының жаңа әуежайында да осы режим енгізілген.

«Қазақстанда «ашық аспан» режимін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, халықаралық бағыттарды ашуға, әуе билеттерінің құнын төмендетуге, туризмді дамытуға және АХҚО-ның көліктік қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтілген еді. Алайда, COVID-19 және халықаралық ұшуларды орындауға енгізілген шектеулерге байланысты жобаны биыл толық көлемде іске асыру қиын болды. Осы жұмыс аясында министрлік 20-дан астам елмен (Катар, БАӘ, Оман, Кувейт, Бахрейн, Иордания, Малайзия, Австрия және т.б.) келіссөздер жүргізді, Qatar Airways, Israir, Air Asia, Salam Air, Jazeera Airways, Blue Air, Turkish Airlines және т. б. шетелдік авиакомпаниялардың жаңа халықаралық бағыттарын ашу жоспарланды. Алайда, коронавирус инфекциясының таралуы бұл рейстердің ашылуы белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды», - дейді министрлік.

Қазіргі уақытта ішкі рейстердің орындалуы қалпына келтірілді. 2021 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша халықаралық бағыттарда тұрақты рейстер аптасына 117 рейс жиілігімен 40 маршрут бойынша 13 елде орындалады, бұл пандемияға дейінгі халықаралық рейстердің тек 26,4% құрайды.

«Ішкі рейстерді қысқарту, халықаралық авиарейстерді тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешімдерді Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдайтынын атап өту қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында отандық авиакомпаниялар ішкі маршруттар бойынша эконом-класты авиабилеттің орташа құнын орта есеппен 13,6%-ға төмендетті», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.


Соңғы жаңалықтар