Қазақстанда апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Алматы қалалық және Атырау облыстық соттарының төрағалары тағайындалды. Сондай-ақ бірқатар министрліктерде, облыс әкімдіктерінде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларға шолу ұсынады.

ҚР Президентінің Жарлығымен Бауыржан Жұмағұлов Атырау облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды.

Бауыржан Тұрсынұлы 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Мамандығы - құқықтанушы, заңгер. Әр жылдары Алматы қаласының прокуратурасында, Ақмола облысының әділет басқармасында қызмет атқарған. 1999-2002 жылдары Астана қаласының соты, 2002-2006 жылдары Атырау қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болған. 2011-2012 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының аппаратында, 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Жоғарғы сатотында жұмыс істеді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қалалық сотының төрағасы да ауысты. Бұл лауазымға Асқар Смайылов тағайындалды. Ол Бұған дейін ҚР Жоғарғы сотының судьясы лауазымын атқарып келген.

ҚР Үкіметінің Қаулысымен және ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша Людмила Бюрабекова ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды.

Людмила Бюрабекова 1973 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1997 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын, 2004 жылы Қазақ фармацевтика институтын, 2014 жылы Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Мамандығы бойынша – дәрігер, провизор, іскерлік әкімшіліктендіру магистрі. Еңбек жолын 2004 жылы Х.Ж. Мақажанов атындағы Қарағанды көпсалалы клиникалық ауруханасында дәрігер-фармаколог болып бастаған. 2005-2007 жж. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы болып жұмыс істеді. 2007-2009 жж. — Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының стратегиялық даму және дәрі-дәрмектер саясаты жөніндегі бастығының орынбасары. 2009-2010 жж. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің фармацевтикалық қызметті, дәрі-дәрмектер сапасын мен қолданылуын бақылау басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2010 ж. — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасының орынбасары. 2011 ж. — Республикалық балалар оңалту орталығының стратегиялық даму және қауіпсіздік басқармасының бастығы. 2011-2013 жж. - Ұлттық медициналық холдингінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры, бас менеджері. 2013-2014 жж. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық санитарлық авиация орталығы» оқу-клиникалық бөлімінің бастығы болып еңбек етті. 2014 ж. — Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының вице-президенті. 2014–2017 жж. ҚР Президенті Іс басқармасының Медицина орталығының бас инспекторы, басшысының орынбасары болып еңбек еткен. 2017-2019 жж. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы болды. 2019 жылғы мамыр айынан қазірге дейін - Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы.

ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы болып Абай Мұхтарұлы Шаңғытбаев тағайындалды.

Абай Мұхтарұлы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Еңбек жолын 1988 жылы «ЗапКазЭнерго» РУ электр желілерінің Оңтүстік кәсіпорнында байланыс электромонтері, релелік қорғау және автоматика қызметінің инженері болып бастаған. Әр жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті Аумақтық бөлімшелерді үйлестіру, мониторинг және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс басқармасының бас сарапшысы, Тұтынушылардың электр желілері мен электр қондырғыларын қадағалау және бақылау басқармасының бастығы, ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасы департаменті директорының орынбасары, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық департаментінің басшысы қызметтерін атқарған. 2016 жылдан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болған.

Тимур Сұлтанғазиев ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Тимур Сламжанұлы 1982 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ ұлттық медицина университетін, АҚШ-та Тюлэйн университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы Астана қаласындағы №1 қалыпты анатомия кафедрасының лаборанты болып бастаған. 2010 жылы «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ-да жұмыс істеген. 2010 жылдан бастап 2013 жылға дейін «Ұлттық медицина холдингі» АҚ-да Инновациялар және технологиялар трансферті департаментінде менеджер, бас менеджер және директор болып еңбек еткен. 2013 жылдан 2014 жылға дейін «Медициналық технологиялар мен ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ президенті болды. 2014 жылдан 2016 жылға дейін «Медикер» ЖШС бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2016-2018 жж. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құрылымында түрлі қызметтерді атқарды. 2018 жылдан қазірге дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

ҚР Білім және ғылым комитеті төрағасының орынбасары болып Болат Нұрланұлы Кеңесов тағайындалды.

Болат Нұрланұлы жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Физика-химиялық талдау және зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған. Ол Қазақ ұлттық университетінің түлегі, 2007 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған. Wageningen University (Нидерланд), Iowa State University (АҚШ), University of Barcelona (Испания) және Gdansk University of Technology (Польша) сынды шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткен.

Болат Кеңесов – 100-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, оның ішінде беделді халықаралық ғылыми журналдарда 26 мақаласы жарық көрген. Олардың 13-і бірінші квартиль қатарындағы беделді басылымдарда жарияланған. Хирш индексі бойынша көрсеткіштері – 11 (Web of Science) және 13 (Scopus). Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, ҚР БҒМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің белді мүшесі Болат Нұрланұлының жетекшілігімен 1 кандидаттық және 5 Ph.D диссертациялары қорғалды.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшылығына тағайындалды.

Камалжан Надыров 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Тұран университетін, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебін тәмамдаған. Түрлі жылдары Duke University, «The Fuqua School of Business» (АҚШ), «Parkway College» (Сингапур), «Florence Nightingale» (Түркия) клиникалар тобынан, «Oxford «Social Health Insurance system» (Германия) оқудан өткен. 2007-2014 жылдары Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында клиника ординаторы, бөлім меңгерушісі, бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 2016-2017 жылдар аралығында Республикалық диагностикалық орталықты басқарды — «University Medical Center» филиалының директоры болды. 2017-2018 жылдары — Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы. 2018 жылғы наурыздан 2019 жылғы наурызға дейін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2019 жылғы наурыздан бастап қазіргі таңға дейін ҚР денсаулық сақтау вице-министрі лауазымын атқарды.

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен бұл қызметті Марат Орынбасарұлы Пашимов атқаратын болды.

Марат Пашимов 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында туған. Білімі жоғары, біліктілігі - емдеу ісі және жергілікті мемлекеттік басқару. Медицина ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы кардиологиялық орталықта медаға болып бастаған. 2005 – 2015 жылдары аралығында облыстық клиникалық ауруханасында дәрігер-анестезиолог, реанимация бөлімінің меңгерушісі, телемедицина меңгерушісі, бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік және ТЖ жөніндегі орынбасары лауазымдарын атқарған. 2015 - 2017 жылдары №3 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері болып қызмет еткен. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап Түркістан облысы клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етіп келген.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен Айбек Шілманов Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы болып тағайындалды

Қарағанды қаласында дүниеге келген Айбек Шілманов Қазақ гуманитарлық заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарында қызмет атқарудан бастаған. Мемлекеттік қызмет істері саласындағы уәкілетті орган жүйесінде 2008 жылдан бері қызмет етуде. 2008-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша басқармасының консультанты, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2015 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің орталық аппаратында Мемлекеттік қызмет және жемқорлықтың алдын алу департаментінің Тәртіптік-әкімшілік және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы болған. 2016-2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары лауазымдарында болған. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары болды.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Шәріп Берік Шәріпұлы «СҚ-Фармация» ЖШС-ің басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Берік Шәріпұлы еңбек жолын Астана қаласы бойынша қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының көшпелі бригадасының фельдшері ретінде бастап, Астана қаласының бірінші қалалық ауруханасының хирургия бөлімшесінің, ЖИТС-пен күрес орталығының дәрігері болды. Астана қаласы мен ОҚО денсаулық сақтау департаменттеріндегі әртүрлі позицияларда жұмыс істеді. 2009 жылдан 2012 жылға дейін «СҚ – Фармация» ЖШС басқарушы директоры-басқарма мүшесі, 2012 жылдан 2017 жылға дейін «ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК стратегиялық даму жөніндегі бас дәрігердің орынбасары міндеттерін атқарды. 2017 жылдың тамыз айынан бастап 2018 жылдың мамыр айына дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

Берік Шәріп 1981 жылы туған. 2004 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық академиясын емдеуші, дәрігер-хирург мамандығы бойынша бітіріп шықты, 2009 жылы Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетінде «Экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандығы бойынша заңтану бакалавры дәрежесін алды. 2012 жылы Халықаралық бизнес академиясында Іскерлік әкімшілік магистрі, MBA дәрежесін алды. DBA-Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы (2016) және European university Business School, Switzerland 2017 жылы іскерлік әкімшіліктендіру докторының дәрежесіне ие болды.


Соңғы жаңалықтар