Қазақстанда апта ішінде орын алған тағайындаулар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат осы тағайындауларды оқырман назарына ұсынады.

Сонымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әсет Өрентайұлы Исекешев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып тағайындалды

Әсет Өрентайұлы 1971 жылы Қарағанды қаласында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің заң факультетін, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін аяқтады. 1995-1997 жылдары Медеу ауданы прокурорының тағылымдамадан өтушісі, көмекшісі, аға көмекшісі; ҰЖМБМ тыңдаушысы (1997-1998 жылдары). 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің бас маманы, 1999-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу және бақылау департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық заң қызметі» ЖАҚ президенті, 2002 жылға дейін жеке секторда жұмыс істеді. 2002 жылғы қараша - 2003 жылғы маусым - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі. 2003 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі. 2006 жылдан бастап - «Қазына» Орнықты даму қоры» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары. 2007 жылдан 2008 жылға дейін - «Credit Swiss (Қазақстан)» ЖШС қаржылық жобалау маркетингі бойынша директоры. 2008 жылғы наурыз-мамыр - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2009 жылғы мамырдан бастап, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі. 2010 жылдың наурызынан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап - Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың 6 тамызына дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі. 6 тамыздан бастап, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі. 2016-2018 жылдары Астана қаласының әкімі. 2018-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы. 2019 жылдың наурызынан бүгінге дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталған.

Ал оның орнына Жұмабаев Қанат Несіпбайұлы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры болды.

Қанат Несіпбайұлы 1965 жылы дүниеге келген. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) сыртқы экономикалық қызметтер үшін мамандар даярлау мектебін бітірген. «ҚазАстықТранс» ЖШС басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының қызметкері; «Алатау» Емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті (2014 жылдан); Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры. 2016 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың 25 наурызына дейін - ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының атқарушы директоры. 2019 жылдың наурызынан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары болды.

Мемлекет басшысының Өкімімен Әнуар Төлеуханұлы Садықұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің директоры болып тағайындалды

Әнуар Төлеуханұлы 1967 жылы 7 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. 1991 жылы Алматы зооветеринар институтын бітірген. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік тәмамдаған. 1985-1987 жылдары КСРО ҚК қатарында мерзімдік әскери қызметтен өтті. 1992 жылы ҚР Президенті Күзет қызметінің әскери қызметіне алынды. Қызметін ҚР Президенті жеке күзетінің әр түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарында өткерген. 2006 жылы ҚР Президенті Күзет қызметі бастығының орынбасары –жеке күзет департаментінің бастығы болып тағайындалды. 2012 жылы ҚР Президенті Күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент қауіпсіздігі қызметінің бастығы лауазымына тағайындалған. 2013 жылы ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы болды. 2014 жылы Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды; Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – ҚР ҰҚК «А» арнайы қызметінің директоры (2014-2019). 2019 жылдың маусымынан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болды. 2-дәрежелі «Айбын» және «Андропов» ордендерімен, 11 медальмен марапатталған.

Полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.

Қалмұханбет Қасымов 1957 жылы 18 мамырда Алматы облысында дүниеге келген. 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1979-2005 жылдары ішкі істер органдарының жедел-тергеу бөлімшелерінде қызмет атқарған (Алматы қ., Астана қ. және Алматы облысы). 2005-2009 жылдары – Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі, бірінші вице-министрі. 2009-2011 жылдары – Шығыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті бастығы. 2011-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі. 2019 жылғы 12 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. «Даңқ» орденінің иегері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Талғат Сәбитұлы Мұхтаров Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары болып тағайындалды.

Талғат Сәбитұлы 1966 жылы 5 наурызда Қарағанды облысы Теміртау қаласында дүниеге келді. ҚР Бас прокуратурасы әскери прокуратура органдарында қызмет еткен (1992-1994); ҚР ҰҚК органдарында - аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары (1997-2011); ҚР Қорғаныс министрлігі кадр департаментінің бастығы (2011-2014). 2014-2019 жылдары ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары. Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі болды. II дәрежелі «Даңқ» орденімен; «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен; 15 ведомстволық, мерейтойлық медальмен марапатталған.

Дауылбаев Ерлан Сламханұлы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды.

Ерлан Сламханұлы көп жылдар бойы әділет саласында жұмыс істеді. Орталық сайлау комиссиясы жүйесінде де қызме етті. Соңғы уақытта Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы болды.

Атырау облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке Ержан Әбілханов келді.

Ержан Әбілханов 1984 жылы туған. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Малайзия технологиялық университетінде білім алған. Аталған тағайындауға дейін ҚР Энергетика министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры лауазымын атқарған.

Атырау қаласының әкімі болып Қайрат Оразбаев тағайындалды.

Қайрат Құлымұлы 1963 жылы 8 тамызда Атырау облысында дүниеге келген. 1987 жылы Қазан қаласының химия-технология институтын Мұнай өңдеудің химиялық технологиясы мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1979 жылы «Маңғышлақ- мұнайбарлау» кешенді экспедициясында оператор болып бастады. Кейіннен Мұнай өндіру басқармасында слесарь, В.Ленин атындағы Гурьев МӨЗ-інің № 3 цехында оператор болып жұмыс істеді. 1987-1996 жылдары № 1 цехтың алкилация қондырғысының бастығы, № 4 цехтың бастығы, эстакада бастығы, № 4 цех бастығының орынбасары, цех бастығы қызметтерін атқарды. Мұнай өнімдерін есепке алу мен тарату жөніндегі өндіріс секторы (кейіннен бөлім) жұмысын ұйымдастырумен айналысты және бөлім бастығы болды. 1996 жылы «Лукойл АМӨЗ» АОЗТ Бас директоры. Қазақстан Республикасы 1996 жылы шілдеде Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі аппаратының Өндірісті дамыту бас басқармасы бастығының орынбасары лауазымына ауыстырылды 1997 жылғы наурыздан бастап 2002 жылғы қаңтарға дейін «ҚазақОйл» ҰК-да Техникалық саясат департаментінің жетекші маманы, аға эксперт, Мұнай және газды өндіру мен тасымалдау департаментінің менеджері, «АМӨЗ» ААҚ қайта құрылымдау жоба басқармасы департаментінің сектор меңгерушісі, «АМӨЗ» ҰК «ҚазақОйл» ААҚ қайта құрылымдау жоба басқармасы дирекциясы Бас менеджерінің орынбасары. 2001-2007 жылдарда «АМӨЗ» ААҚ салынып жатқан кәсіпорнының директоры - Дамыту жөніндегі Вице-президенті. «АМӨЗ» ЖШС күрделі құрылыс және дамыту жөніндегі Директоры. 2007 жылғы қыркүйектен бастап өндірістік-техникалық және құрылыс қызметтерін басқарып - Бас директордың бірінші орынбасары - бас инженер қызметін атқарды. Кейіннен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да Маркетингтік анализдеу департаментінің директоры, мұнай өңдеу және мұнай-химия дамыту жөніндегі директордың орынбасары қызметтеріне ауыстырылды. «АМӨЗ» ЖШС-нің Дамыту жөніндегі Бас директордың орынбасары, Бас директордың дамыту және модернизация жөніндегі бірінші орынбасары. 2013 жылғы 2 шілдеден бастап «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бас директоры болған.

Нұрбек Серіков «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Нұрбек Нұржанұлы 1989 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Тюмень қаласындағы Солтүстік Орал мемлекеттік аграрлық университетін және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Алматы әкімінің өкімімен, Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Алатау және Түрксіб аудандарының әкімдері болып Азамат Қалдыбеков және Бақытжан Ақжаров тағайындалды.

Алатау ауданының жаңа әкімі Азамат Қалдыбеков бүгінгі күнге дейін Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары лауазымында болды.

Түрксіб ауданына әкім болып тағайындалған Бақытжан Ақжаров Алматының тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы қызметін атқарды.


Соңғы жаңалықтар