Қазақстанда апта ішінде болған тағайындаулар

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Қауіпсіздік кеңесі хатшылығында, ҚР Ішкі істер министрлігі құрылымында және өңірлерді тағайындаулар болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Мұрат Қалибекұлы Баймұқашев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

М. Баймұқашев 1994 жылдан бастап Ішкі істер органдарында қызмет етеді. Еңбек жолын жол полициясы патрульдік қызметі батальонының инспекторы лауазымынан бастады. 1997 жылдан ҚР ІІМ жол полициясы басқармасында жұмыс істеді, сонымен қатар министрліктің орталық аппаратының департаменттері мен бөлімдерін басқарды.

2021 жылдың шілдесінен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

***

Мемлекет басшысының өкімімен Аңсаған Скендерұлы Балтабеков Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

***

Осы аптада ҚР Ішкі істер министрі бірқатар басшыны тағайындады.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен:

– Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына Сапар Бауыржан;

– Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына Ерлан Жалмағамбет;

– Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті «Есіл» аудандық полиция басқармасының бастығы лауазымына Әлібек Қожахметов;

– Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасының бастығы лауазымына Марат Абиров тағайындалды.

***

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Меркі ауданының әкімі болып Жорабек Баубеков тағайындалды.

Ж. Нұрмергенұлы 1971 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында туған. 1989 жылы Семей қаржы-экономикалық техникумын «мемлекеттік бюджет», Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Меркі аудандық қаржы бөлімінде аға экономист болып бастаған.

2019-2020 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы басқармасының басшысы, директор орынбасары болып еңбек еткен.

2020 жылғы мамырдан бастап қазірге дейін Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

***

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Сәкен Шалабайұлы Далиев тағайындалды.

Сәкен Шалабайұлы 1980 жылы 11 маусымда Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. 1997 және 2014 жылдар аралығында ҚР Ішкі істер және қаржы полициясында, Экономикалық қылмысқа қарсы күрес органдарында түрлі лауазымда қызметтер атқарған.

2019-2020 жылдары Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының «Алматы Су» МКК ішкі бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету департаментінің директоры, 2021 жылы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС директоры қызметін атқарған.

***

Жасын Біркенов «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігіне басшы болып тағайындалды.

Жасын Біркенов – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. 1989 жылы 30 сәуірде дүниеге келген. Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Әр жылдары МТРК (Петропавл), «Қазақстан-Петропавл», сондай-ақ, «Қазақстан» және «7 канал» телеарналарында жұмыс істеген. Ал, 2015 жылдан жұмысын «24.kz» телеарнасында жалғастырған. 2015-2016 жылдары - «Хабар 24» телеарнасының Украина Республикасындағы, 2019-2021 жылдары - Өзбекстан Республикасындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған.

***

Бұл аптада ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында бірқатар ауыс-түйіс болды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары қызметіне Арман Құрметұлы Қайырденов келді. Ол мұнай өңдеу, мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы және мұнай химиясын дамыту мәселелеріне жетекшілік етеді.

А.Қайырденов Қазақ химия-технология институтын «Көміртек материалдарының химиялық технологиясы» мамандағы бойынша бітірді. 2003 жылы Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Ауыл шаруашылығы академиясын «Мұнай және газ бизнесі» мамандығы бойынша тәмамдады.

2019-2021 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Техникалық даму департаментінің директоры, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры, Мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаментінің директоры лауазымдарын атқарды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының мұнай тасымалдау, халықаралық жобалар және «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы жөніндегі орынбасары болып Болат Қалауияұлы Зәкіров тағайындалды.

Б. Зәкіров Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Халықаралық валюта-қаржы қатынастары» мамандығы бойынша және Данди университетін (Шотландия) «Мұнай және газ экономикасы» мамандығы бойынша бітірді.

2018 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай тасымалдау департаментінің директоры, мұнай тасымалдау басқармасының басшысы болып қызмет етіп келді.

Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Василий Сергеевич Лавренов тағайындалды. Оның міндеті – компания қызметінің заң мәселелеріне жетекшілік ету.

В.Лавренов 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2004 жылы Дюк университетінің құқық мектебін (Жапония) бітірді. Еңбек жолын 1999 жылы «Титул» заң агенттігі» ЖШС-де заңгердің көмекшісі болып бастады. Одан кейін «Grata» заң фирмасы» ЖШС заңгері болып жұмыс істеді.

2019-2022 жылдары – Будапешт қаласындағы Greenline Services Ltd компаниясының аға серіктесі, консультанты.

Мұнымен қоса, осы аптада «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры қызметіне Ильдар Тагирович Шамсутдинов кірісті.

И.Шамсутдинов 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша, 2004 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2017 жылдан бастап Exmor Group DMCC/ Enco Trading DMCC/ Supreme Petroleum Pte Ltd компаниялар тобында (Дубай және Мәскеу) логистика менеджері, мұнай өнімдерін сату менеджері және трейдинг пен бизнесті дамыту жетекшісі болып қызмет етті.


Соңғы жаңалықтар