+7 (701) 759 90 19
USD 447.60 EUR 489.41
RUB 5.71 CNY 63.05
Jańalyqtar

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2020 жылғы 16 ақпан 11:12
Бөлісіңіз:
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Премьер-Миинстрдің жаңа орынбасары тағайындалып, Жамбыл облысында бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат оқырман назарына 10-15 ақпан аралығындағы кадрлық өзгерістерді ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
Қайрат Рахымов ҚР энергетика вице-министрі болып тағайындалды Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Апта басында Қордай ауданындағы атышулы оқиғадан кейін Асқар Мырзахметов өз еркімен Жамбыл облысының әкімі лауазымынан кетті. Оның орнына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша аяқтады. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозында жұмысшы болып бастады (1969-1971 жылдары); 1971-1973 жылдары әскери борышын атқарды. Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977); ҚазКСР Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жылдары); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, ҚР Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жылдары); Президент Аппараты бөлімі мен ҚР Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993); ҚР Министрлер кабинеті Істер басқармасы Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жылдары) болды. ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы (1995); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жылдары); Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жылдары) қызметтерін атқарды.

ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы вице-министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002-2006); Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары - ҚР Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006-2007); ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі (2007 жылы ақпан - 27 тамыз). 2007 жылдың тамызынан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2009-2014 жылдары - Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2014-2015 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.2015-2019 жылдары – Ақтөбе облысының әкімі. 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. 2019 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды.

«Құрмет» (1999), «Парасат» (2007) ордендерімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.

Бердібек Сапарбаевтың орнына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне Ералы Тоғжанов тағайындалды.

Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов 1963 жылы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде (1983-1988 жж.) Құқықтану мамандығын меңгерген. ҚР Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтында (1991-1994жж.) білім алған.

1991 жылдан 1998 жылға дейін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасында оқытушы.1994-1996 жж. ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында ғылыми қызметкер.1996 жылдан бастап Қазақ гуманитарлық заң университетінде Мемлекеттік қызмет және халықаралық құқық факультетінің аға оқытушысы, декан орынбасары қызметін атқарды.1994 жылдан бастап аталған университеттің халықаралық құқық факультетінің деканы болды.1999 жылы филиал деканы, 2001 жылы Астана қаласының Қазақ гуманитарлық заң университетінің Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры атанды. 2001-2006 жж. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2006-2008 жж. ҚР Әділет министрлігі Дін істер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 2008 жылдың қаңтарында Президент Өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі болды.2017 жылдың наурызында Маңғыстау облысының әкімі қызметіне кірісті. 2019 жылдың қыркүйегінен соңғы тағайындауға дейін Кәсіподақтар федерациясының төрағасы болды.

Жамбыл облысының Полиция департаментіне жаңа басшы болып Жанат Сүлейменов тағайындалды.

Жанат Қуанышұлы Сүлейменов 1962 жылы дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1980 жылдан бастап қызмет етеді. Басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі мол. Әр жылдары Есірткі бизнесіне қарсы күрес, Криминалдық полиция комитеттерін, Көліктегі, сондай-ақ Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының Полиция департаменттерін басқарды. 2017-2019 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының келісімімен Жамбыл облысының прокуроры қызметіне Нұрғалым Әбдіров тағайындалды.

Нұрғалым Әбдіров 1967 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Прокуратура органдарындағы қызметін 1991 жылы бастаған. Басшылық қызметтерде тәжірибесі мол. Бас прокуратураның үш департаментін басқарған: Арнайы прокурорлар; Тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау; Ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеуші адамдар құқықтарының сақталуын қадағалау департаменттері. Оған қоса, Астана, Алматы, Оңтүстік-Шығыс өңірлік көлік прокурорларының бірінші орынбасары қызметін атқарған, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облысы прокуратураларын басқарған. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 28 жылдан асады.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне Әлішер Әбдіқадыров тағайындалды. Ол өнеркәсіп, ШОБ дамыту, индустрияландыру және инвестиция мәселелеріне жауап береді.

Әлішер Әбдіқадыров Ломоносов атындағы ММУ-де бакалавриатты тәмәмдады. Экономика магистрі.

Еңбек жолын 2009 жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестиция комитетінің сарапшысы қызметінен бастаған. 2013 жылы осы министрліктің Стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 2014 жылғы ақпаннан бастап 2015 жылғы шілдеге дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары болды. Кейін, 2016 жылдың шілдесіне дейін Павлодар облысының Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2016 жылдан 2019 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласының Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы болды.

Жаңа тағайындауға дейін «QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарды.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының Ішкі саясат, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармаларына жаңа басшылар тағайындалды.

Ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Ерлан Құсайын тағайындалды. Ол 1976 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 1999 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтаған. Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006 жылы Қарағанды экономикалық университетін «экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы қазақ тілі мұғалімі болып бастады. 2008 жылдан 2014 жылға дейін Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2014 жылы - Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары. 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін облыс әкімі аппаратының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы болып жұмыс істеді. Соңғы тағайындауға дейін Қарағанды облысы әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры қызметін атқарған.


Ал Еркебұлан Жұмакенов Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жаңа басшысы болды. Ол Қарағанды қаласында 1976 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі және магистр дәрежесі бар. 2002 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясын «орындаушы, оркестр әртісі, оқытушы» мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы осы ЖОО-да ассисентура-тағлымдаманы бітірді. 2007 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдап, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолын 1997 жылы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестрінің әртісі болып бастаған. Кейін Президенттік оркестрдің шығармашылық тобының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті өнер басқармасы бастығының міндетін атқарушы, ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің би тобының көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері болып жұмыс істеді. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры болған. Жезқағанда да қазақ музыкалық-драма театрының басшысы болып жұмыс істеп үлгерді. Соңғы тағайындауға дейін Нұр-Сұлтандағы «Consult Investment Group» ЖШС дамыту жөніндегі директоры болды.


Қарағанды облыстық Әділет департаментінің басшысы болып Тимур Ермағамбетов тағайындалды.

Тимур Қуатұлы Ермағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы ішкі істер органдарынан бастады. 2011-2014 жылдары ҚР Әділет министрлігі Қарағанды облыстық әділет департаментінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2014-2015 жылдары ҚР Әділет министрлігі Стратегиялық жоспарлау және жұмысты ұйымдастыру басқармасының басшысы болды. 2015-2019 жылдары ҚР Әділет министрлігі Қарағанды облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары, ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалық орталығының Қарағанды облысындағы Сот сараптамасы институтының директоры қызметін атқарды. 2019 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР Әділет министрлігінің Заңға тәуелді актілер департаментінде жұмыс істеді.


Ал Ақмола облысында Сүлен Ілясов облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Сүлен Жеңісұлы Ілиясов 1966 жылдың 28 қазанында туған.1990 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын «Дәрігер ісі» мамандандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы Көкшетау қалалық ауруханасында уролог ретінде бастаған. Соңғы тоғыз жыл Көкшетау қалалық №1 емханасының басшысы болды.

Бұл аптада ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы қызметіне Жанат Ешмағамбетов тағайындалды.

Ешмағамбетов Жанат Болатұлы 1970 жылы туған, 1993 жылдан бері құқық қорғау саласында жұмыс істеп келеді. Басшылық қызметтерде мол тәжірибесі бар. Әр жылдары Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күрес департаменттерін басқарған. 2016 жыл мен 2019 жылдары аралығында Әділет министрінің орынбасары лауазымын атқарған. 2019 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы болды.


Сонымен бірге, еліміздің 6 өңірдегі Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жаңа басшылар тағайындалды.

Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы болып әділет подполковнигі Алмас Абжанұлы Шәмшиев;

Алматы облыстық департаментіне әділет подполковнигі Серік Жақсылықұлы Әбдікәрімов;

Алматы қаласының департаментіне әділет подполковнигі Дархан Тұрсынұлы Қанатбеков;

Батыс Қазақстан облыстық департаментіне әділет подполковнигі Азамат Әбдіғалиұлы Ізтілеуов;

Қарағанды облыстық департаментіне әділет подполковнигі Ғазиз Әбікенұлы Такешов;

Солтүстік Қазақстан облыстық департаментіне Рустан Серікұлы Ахметжанов тағайындалды.


Әскери сот әкімшісінің басшысы қызметіне Нұртай Алмашов келді.

Нұртай Алмашов 1981 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 2004 жылы телекоммуникация және почта байланысы бөлімінің жетекші маманының міндетін атқарушы болып бастаған. Ол ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде, Жоғарғы Соттың Департаментінде жауапты қызметтер атқарған. Осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы лауазымын атқарды.


Еркін Шаймағамбетов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК« АҚ Басқарма басшысы болды.

Еркін Шаймағамбетов 45 жаста. 1974 жылы 7 маусымда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тастүбек кентінде дүниеге келген.1998 жылы «Ғарыштық ұшу аппараттары және үдемелі айдау блоктары» мамандығы бойынша Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірді.

1998 жылдың наурызынан бастап Ғылым министрлігі - ҚР Ғылым академиясы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасында «Байқоңыр» ғарыш айлағы объектілерін пайдалану жағдайларын бақылау бойынша бөлімнің бас маманы (Байқоңыр қ.) болып жұмыс істеді. 1998 жылдың қарашасынан бастап аталған бөлімнің бастығы болып тағайындалды. 2005 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Аэроғарыш комитеті «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының бастығы болды. 2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2007 жылдың 8 маусымынан бастап, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары болды. 2014 жылдың 1 қазанынан бастап ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2016 жылғы 7 қыркүйекте ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. 2016 жылдың қарашасынан 2019 жылдың мамырына дейін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы болды. 2019 жылдың маусымынан осы уақытқа дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі болып қызмет атқарды.

Бұл аптада Қазақстанның қос өңіріндегі маңызды БАҚ-қа жаңа басшылар тағайындалды.


«Қазақстан» РТРК» АҚ филиалы «Kókshe» телеарнасының директоры қызметіне Ерлан Атамбай тағайындалды.

Ерлан Нұрбайұлы Атамбай телевизия саласында 20 жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келеді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясындағы еңбек жолын 2013 жылы бастады. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының Бас редакторы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Стратегиялық маркетинг департаменті конвергенттік редакциясының жетекшісі қызметтерін атқарды.

Бүгінгі тағайындауға дейін «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры қызметінде болды.


Қарағандыда «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры қызметіне Қамбар Ахметов тағайындалды.

Қамбар Жұмағалиұлы Ахметов 1978 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алып, еңбек жолын «Орталық Қазақстан» газетінде 2004 жылы тілші болып бастаған. Әр жылдары аймақтық «Балқантау», республикалық «Айқын» газеттерінде, «BBaq.kz ақпарат агенттігінің, «Қазақстан» республикалық телерадиокомпаниясының интернет жобалар бөлімінің бас редакторы болды.

2015 жылдың қыркүйек айынан «Nur Otan» партиясына қарасты «Электрондық партия» медиаредакциясы интернет-ресурсының басшысы. 2016 - 2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі, 2018 жылы «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. 2019 жылдың қаңтар айынан қазіргі уақытқа дейін Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактор міндетін атқарды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Тағайындау,
Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT