Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттігі кеңейтіледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттігі кеңейтіледі. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен таныстыру кезінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында омбудсменнің өкілеттігін кеңейту ескерілген оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл заңсыздыққа байланысты құқықты қалпына келтіру үшін қабылдау керек шараларға қатысты мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдай алады. Сонымен қатар, азаматтың құқығы мен бостандығын бұзған адамға қатысты тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық істі жүргізу туралы мемлекеттік органдар мен өкілетті қызметкерлерге өтінішхат бағыттай алады», - деді депутат Ирина Унжакова заң жобасын таныстыру кезінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін көтеретін қадамдар іске асырылады.

«Заң жобасында дербес құқықтылыққа ие болу сияқты қосымша бар. Бұл өз кезегінде осы қызмет үшін маңызды. Яғни Уәкіл тұтқындалмайды, қамауға алынбайды, қылмыстық әрі әкімшілік жауапқа тартылмайды, сондай-ақ тінту мен жеке тексеру жүргізілмейді», - деді депутат.

Айта кетейік, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне араласқандарға әкімшілік жаза қарастырылған.



Соңғы жаңалықтар