Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейтілмек

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын талқылауды бастайды. Бұл жайында палатаның жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын заңнамалық тұрғыдан айқындау және адам құқықтарын қорғау саласын одан әрі жетілдіру туралы айтқан міндеттерін орындау үшін әзірленді. Заң жобасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өңірдегі өкілінің мәртебесін, лауазымға сайлау және босату тәртібін, қызметінің қағидаттары мен кепілдіктерін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін реттейтін негізгі ережелерін айқындау арқылы адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған», -деп атап өтті Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.

Мұнымен қоса, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да қаралады. Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының жекелеген заңдарын «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді. Құжаттағы түзетулер Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сотқа талап қою арызымен жүгіну өкілеттіктерін кеңейтуге, оның өңірдегі өкіл лауазымын белгілеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзұшылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» ілеспе заң жобаларын да қарайтын болады.


Соңғы жаңалықтар