Қазақстанда «5-20-25» бағдарламасы басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Табысы төмен азаматтар «5-20-25» бағдарламасымен баспана алу мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр қазіргі уақытта 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының мемлекеттік бағдарламасын әзірленгенін, оның нақты 5 міндеті бар екендігін айтты.

«Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру» атты бірінші міндеттің аясында тұрғын үйге қолжетімділік сатысы енгізіледі. Айқындаушы фактор – халықтың табысы. Отбасы мүшесіне шаққанда бір ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (29,7 мың теңге) сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй ұсынылады (жетім балалар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.). «Бақытты отбасы» бағдарламасы бұрынғысынша 2 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (59,4 мың теңге) қолжетімді болады (көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар)», - деді министр.

Оның атап өтуінше, 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (92 мың теңге) «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алу мүмкіндігі беріледі. Табысы 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейінен асатын азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы ұсынылады. Табысы 5 күнкөріс деңгейінен асатын адамдар (148,5 мың теңге) бастапқы және кейінгі нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы Ұлттық банктің «Баспана-хит», Қазақстан Ипотекалық компаниясының «Орда», Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің «Өз үйім» сияқты нарық өнімдерін пайдалана алады.

«Баспана алудың ашықтығы мен бірыңғай жүйелік есепке алуды қамтамасыз ету үшін Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізілуде. Аталған базаның деректері кезекте тұрған адамдар арасында тұрғын үйдің қолжетімділігін анықтау үшін пайдаланылатын болады, бұл мемлекеттік қолдаудың нақты адамға берілуі мен мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Соңғы жаңалықтар