Қазақстанда 300-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды – Алик Шпекбаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Кәсіпкерлер құқығын қорғау – агенттіктің басым бағыттарының бірі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алик Шпекбаев жұмыс сапарының екінші күні мемлекеттік органдар, қаржы институттары, табиғи монополиялар субъектілері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдерінің қатысуымен «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесінің мүмкіндіктерімен танысты.

Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске қажетті барлық қызмет көрсету үдерісі орталықтандырылған.

«Бизнесті қорғау және қолдау – агенттіктің басты басымдықтарының бірі. Тек биылғы жылдың он айында біз 300-ге жуық кәсіпкердің құқығын қорғап, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының 160 дерегінің жолын кестік», – деді А.Шпекбаев.

Агенттік төрағасы сондай-ақ «Protecting business and investments» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы сүйемелденетін «Кублей» және «Квант» кәсіпорындарының өндірістік тыныс-тіршілігімен және өнімдерімен танысты. Айта кету керек, екі жыл ішінде өңірде жалпы құны 853 млрд теңгені құрайтын жобаларды жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы 22 келісімге қол қойылды.

«Елбасы атап өткендей, экономиканың 60-70 пайызы шет елдердегідей жеке қолда болуы тиіс. Бұған қол жеткізу үшін біз жұмыс істеп тұрған бизнесті қорғап қана қоймай, болашақ кәсіпкерлерге жайлы, тұрақты және сыбайлас жемқорлықтан таза кәсіпкерліктің барлық жағдайлары бар екенін және жыл сайын тек жақсара түсетінін көрсетуіміз керек», – деп мәлімдеді инвесторлармен кездесуде А.Шпекбаев.

Агенттік басшысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, сервис және жаңа технологиялар колледжінде болып, сондай-ақ геопорталды дамытуға, мобильді қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және облыс әкімдігіне сервистік үлгіні енгізуге белсенді қатысатын «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметіне ден қойды.


Ата-аналары бас тартқан ерекше қажеттіліктері бар балалар да назардан тыс қалмады. А.Шпекбаев пен қоғам өкілдері Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, олардың қалай өмір сүріп жатқанына қанықты.

Батыс Қазақстан облысына екі күндік жұмыс сапарын азаматтық сектор өкілдерімен, облыс активімен, бизнес қоғамдастығы және журналистермен кездесумен қорытындылаған А.Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өзекті мәселелері мен агенттіктің бір жылдағы жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Кездесу барысында спикер: «Қазіргі уақытта Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының үшінші пакетін Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа берді. Бұл – жемқорларға айтарлықтай әсер ететін ең мықты түзетулер. Атап айтқанда, шенеуніктер үшін шетелдік банктердегі шоттарға тыйым салынады, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату жойылады. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар бұдан былай лауазымды тұлғалардың басқа санаттарына қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін көбірек жаза алатын болады», – деп мәлімдеді.

Азаматтық қоғам өкілдерінің негізгі мәселелері тұрғын үй алу, халыққа әлеуметтік жәрдемақы беру, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікке қатысты болды.

Алик Шпекбаев қабылдауға келген әр тұрғынды тыңдап, азаматтардың түйткілді мәселелерін шешу бойынша тиісті жауаптар мен тапсырмалар берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алик Шпекбаевтың жемқорлықты жою және алдын алу жұмыстары іс жүзінде жүргізілуі тиіс екендігін айтқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар