Қазақстанда 253 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді – Ералы Тоғжанов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммитінде еліміздің медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Ералы Тоғжанов денсаулық сақтау саласында 253 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек ететінін атап өтті. Елімізде кадр тапшылығы бар, бірақ соған қарамастан көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы жыл сайын артып келеді.

«Мемлекет медицина қызметкерлерін қолдау бойынша бірқатар шара қабылдап жатыр. Жалақы өсіп, халықаралық стандарттарға сай келетін еңбек жағдайлары жасалуда. Біз денсаулық сақтау жүйесіндегі жетістіктерімізді мақтан тұтамыз, бірақ одан да жоғары көрсеткіштерге ұмтыламыз. Медицина қызметкерлері жұмысының нәтижесі тікелей әлеуметтік әсер көрсететінін айтқым келеді, оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы да тәуелді», - деді Е. Тоғжанов.

Сонымен бірге, вице-премьер денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктері мен міндеттері туралы, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын жүзеге асыру туралы баяндады.

«Қазақстандық медицинаның бірқатар бағыты халықаралық деңгейде табысты бәсекелес бола алды. Халыққа жоғары технологиялық медициналық қызметтер қолжетімді болды. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы немесе әлемнің топ-22 үздік клиникаларының қатарына енген Жүрек орталығы 2017 жылы «Жүрек трансплантациясы» және «VAD имплантациясы» бағдарламалары бойынша, 2021 жылы – «Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» бағдарламасында сертификаттаудан өткен Орталық Азиядағы алғашқы медициналық мекеме болды. Орталық ашылып, елімізде кардиохирургиялық көмек дамыған соң қазақстандықтардың шетелдік емделуге қажеттілігі едәуір азайды, оған қоса шетелден медициналық туристер ағыны артты», - деді Ералы Тоғжанов.

Бұл ретте Ұлттық нейрохирургия орталығы – түрлі нейрохирургиялық қызмет көрсететін Орталық Азиядағы көшбасшы медициналық орталықтардың бірі болды. 2021 жылы нейрохирургия орталығында Орталық Азия елдерінде алғашқылардың бірі болып «Гамма-пышақ» орнатылды. Ол бүгінде радиохирургиялық емдеудегі «алтын стандарт» болып саналады, ісік жасушаларының ДНҚ-сын еш ауыртпалықсыз бұзады.

Республикада сәулелік терапияның инновациялық әдісі – томотерапия енгізілді, ол Семей қаласында Ядролық медицина орталығы салынған. Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық зауытта отандық «QazVac» вакцинасын өндіру жолға қойылған.

«Сонымен қатар, 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар үлесін 17-ден 50%-ға дейін арттыру міндетін қойдық. Ол үшін Үкімет деңгейінде арнайы кешенді жоспар қабылданды. COVID-19 пандемиясы кезіндегі денсаулық сақтау жүйесінің барлық тәжірибесін ескеріп, эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру жұмысын күшейттік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Биологиялық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңы қабылданды. Заңның негізгі мақсаты – биологиялық қатерлерді ерте анықтау және алдын алу», - деді Е. Тоғжанов.

Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау кепілдіктерін, мәртебесін арттыруды көздейтін Денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленген.

«Ауылдағы денсаулық сақтау саласы дамып келеді. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. 2021 жылы республиканың 69 елді мекендерінде 12 нысан пайдалануға берілді, 20 нысанды - биыл, 37 нысанды – 2023 жылы ашу жоспарланған. 2025 жылға дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 500 нысанын салу жоспарланған», - деді вице-премьер.

Сондай-ақ 2023 жылға дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпсалалы клиниканы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл клиникалар JCI талаптарын ескере отырып, халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін болады.



Соңғы жаңалықтар